Экономикасын ілгерілетіп, әлеуетін арттыруды мақсат ететін өркениетті елдердің барлығы ғылымына үлкен мән беріп отыр. Себебі, кез келген ұлттың бәсекелестік қабілеті оның білімділігімен, инновациялық дамуымен өлшенеді.
Қазір еліміздің де ғылымы мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр. Озық ғылыми-зерттеу инфрақұрылым қалыптастыруға қомақты қаржы бөлініп, ғылымға жастарды тарту бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек», – деп ғылымға ден қойған жастарға қолдау жоғары болатынын жиі еске салады.
Ғылым қызметкерлері – бұл университеттің жаны мен жүрегі. Олардың ашқан жаңалықтары, жұмыстарының нәтижесі – университеттің барлық жетістіктерінің негізі. Өйткені, тың зерттеулер арқылы білім шекарасы кеңейіп, маңызды мәселелерді шешудің жаңа жолдары анықталады, сол арқылы қоғам дамиды.
Қазіргі кезде Жетісу университетінде 13 ғылым докторы, 86 ғылым кандидаты және 32 PhD докторы қызмет атқаруда. Олар педагогикалық қызметімен қатар ғылыми жұмыспен де айналысып, қайықтың қос ескегіндей екі саланы қатар алып келеді.
Жетісу университеті – өңірлік университет болғанымен, ғылыми және инновациялық инфрақұрылымы жоғары, әлеуеті мол, жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ордасы.
Биыл университет қабырғасында Аксиологиялық зерттеулер және медиатехнологиялар орталығы, «Huawei» ақпараттық технологиялар академиясы ашылды. Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институты, Академиялық артықшылық орталығы мен Орта Азияда аналогы жоқ Speed breeding орталығының іргесі қаланды.
Жаңадан салынған лабораториялар, арнайы аудиториялар, заманауи видеостудия қажетті техникалық құрал-жабдықтар ғылыммен айналысатын жас ғалымдар мен оқытушыларға, студенттерге оңтайлы жағдай тудырып отыр. Білім ордасының кітапханасы да әлемдік ғылыми қауымдастықтың соңғы ғылыми ізденістеріне қол жеткізуге болатын деректер базасына қосылған. Осындай мол мүмкіндіктердің арқасында университет ғалымдары ғылыми жұмыстармен айналысып, отандық ғылымның дамуына өзіндік үлес қосып келеді.
Қазіргі таңда университет базасында 8 нысаналы-бағдарламалы қаржыландыру, 7 гранттық қаржыландыру, 11 «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру, 1 коммерциализация бағыты бойынша барлық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Білім беру, ғылыми жұмыстар және басқа да бағыттар бойынша соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріміз ауыз толтырып айтарлықтай. Солардың негізгі деген бірнешеуіне тоқталар болсам.
Университет – білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігі IQAA Ranking (БСҚБТА) жүргізген 2024 жылғы институционалдық (жалпы) рейтинг нәтижелері бойынша көпсалалы ЖОО арасында үздік 5-ке кіріп отыр. Әлемдегі және Азия континентіндегі 1000 үздік жоғары оқу орындарының қатарында.
Жоғары білім беру жүйесі жаңа даму бағыттары мен қуатты ынталандырудың кешеніне ие болып, ғылым саласында игі жобалар жүзеге асып жатыр. Жуырда төрт бірдей ғалымымыз 1,1 млрд-тан астам теңгеге ғылыми жоба ұтып алды. Мұның сыртында Еуропалық комиссия қаржыландыратын «Горизонт» бағдарламасы аясында 2 халықаралық жоба іске асуда.
Сонымен қатар, «Бағдарламалық – нысаналы қаржыландыру» шеңберінде 5 жоба ұтып алды. Бұл – оқу орны тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Ғалымдарымыздың гранттық жобаларының нәтижесінде университетте бірнеше ғылыми орталықтар ашылды. Мәселен, Құқық және экономика факультетінде «Құқық, экожүйелер және тұрақты дамуды зерттеу» орталығы ашылды. Онда ғалымдар құқық, экожүйелер және тұрақты даму саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, кешенді зерттеулердің нәтижелерін ғылыми айналымға енгізеді.
Педагогика және психология факультетінде Жетісу облысында аналогы жоқ инклюзиялық білім беруге арналған «Арнайы білім беру мәселелерін зерттеу» орталығы ашылды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда орталықтың маңызы зор. Аудитория көру, есту, тірек-қимыл аппараты және тағы басқа дамуында шектеуі бар балаларға арналған арнайы құрылғылармен жабдықталған. Сонымен қатар мұнда арнайы білім беруді жүзеге асыру бойынша қолданбалы зерттеулер, теориялық және оқу-әдістемелік әзірлемелер дайындалады.
«500 ғалым» тағылымдамасы аясында университеттің оқытушылары мен ғалымдары шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтіп, үздік ғылыми орталықтарда білімдерін шыңдады.
Олар АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінде, Иллинойс университетінде, Испанияның Гранада университетінде, Италияның Марке политехникалық университетінде (UniVPM), Англияның Рединг университетінде білімдерін шыңдап, біліктерін арттырып қайтты.
Жалпы университет 80-ге жуық шетелдік жоғары оқу орындары және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Олардың қатарында Польша, Чехия, Швейцария, Швеция, Малайзия, Болгария, Корея, Португалия, АҚШ, Италия, Венгрия сынды елдер бар.
Шетелде білім алу – көп жастың арманына айналып отыр. Алайда, білімді жастардың өзге елге кетіп, қайтып оралмауы дамушы еліміз үшін үлкен проблемалық мәселе.
Осы тұрғыда қос дипломды білім беру бағдарламасы шегара аспай «шетелде» оқуға, халықаралық тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді.
Жетісу университеті қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламалары аясында Польшаның Пшасныш қаласындағы Лингвистика-техникалық университетімен, Слупск қаласындағы Поморск университетімен, Словакияның Жилина университетімен, Алтай мемлекеттік университетімен магистратураның бірқатар білім беру бағдарламаларын іске асырады.
Сондай-ақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен «Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» — «Агрономия» қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша Жетісу университетінде Марке политехникалық университетінің филиалы ашылып отыр. Оқуды сәтті аяқтаған студенттерге ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары саласындағы бакалавр дәрежесін тағайындайтын итальяндық және ауыл шаруашылығы саласындағы бакалавр дәрежесін тағайындайтын қазақстандық диплом беріледі.
Халықаралық деңгейде сұранысқа ие қос дипломды бағдарлама түлектерінің еңбек нарығында табысты болуларына мүмкіндігі зор.
Студенттердің сапалы білім алуынан бөлек, мамандықты дұрыс таңдауы және қоғамнан өз орнын табуы білім ордасы үшін маңызды міндет.
Жетісу университеті түлектерді жұмыспен қамту міндетін барынша сапалы және нәтижелі жүзеге асыру үшін бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Нәтижесінде студенттердің жұмысқа орналасу көрсеткіші: бакалавриат – 88, магистратура – 95, докторантура бойынша – 100 пайызды көрсетіп отыр.
Елімізге қажетті нарық талап еткен мамандықтарды даярлау – білім ордасының басым бағыттарының бірі.
«Мамандығым – болашағым» жобасы аясында жергілікті әкімдікпен бірлесе Жетісу облысында кадр тапшылығының өңірлік картасын әзірледік.
Онда мамандар өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп, энергетика және жаңартылған энергетика көздері, ақпараттық технологиялар және коммуникациялар, туризм индустриясы сияқты өңірге қажетті бес бағытты анықтады.
Қазірдің өзінде Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті салалық Атластар негізінде әзірленген 5 білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлайды: Агрономия – ауыл шаруашылығындағы жаңа технологиялар жөніндегі маман, Агрономия – Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары – ауыл шаруашылығындағы жаңа технологиялар жөніндегі маман, Ақпараттық жүйелер архитектурасы – АТ экожүйелерінің сәулетшісі, SMART жүйелерді жобалау – әмбебап ЖИ әзірлеушісі, Туризм және қонақүй бизнесі – туристік дестинациялар бренд менеджері.
Осы орайда түлектерді халық саны шамадан тыс артқан ірі мегаполистерге бармай-ақ, өңірлік университеттерде білім алып, туған жерге қызмет етуге шақырамын. Бұл студенттің алаңсыз білім алуынан бөлек ішкі миграцияның реттелуіне, урбанизацияның тежелуіне де септігін тигізер еді.
Ел жетістігінің басты өлшемі адами капитал болса, студент жетістігі – білім ордасының басты мерейі. Университет студенттері түрлі деңгейдегі байқауларда пәндік олимпиадаларда, спорттық жарыстарда, шығармашылық, интеллектуалдық байқауларда топ жарып, университетіміздің ғана емес, қала берді еліміздің атын шығарып жүр.
Мәселен, Қазақстанда алғаш рет өткен «Enactus World Cup 2024» әлем кубогында ЖУ студенттерінен құрылған «Enactus Zhetysu» командасы бүтін республиканың намысын қорғап, финалға шықты.
Ал республикалық Кубокта Жетісу университетінің «Enactus Zhetysu» командасы чемпион атанса, «Enactus Zhansugurov college» екінші орынды жүлделеді. Бұл — университет үшін ғана емес, Жетісу облысы үшін де үлкен жетістік.
Сондай-ақ, 26 жоғары оқу орны қатысқан республикалық зияткерлік сайысында университетіміздің «7.Pro» командасы бас жүлдені жеңіп алып, студенттеріміз 5000$ көлемінде грант иеленді.
Спортта да жеткен жетістіктеріміз айтарлықтай. Мәселен, 2024 жылдың өзінде студенттер Әлем, Азия, Халықаралық, Республикалық чемпионаттарда үздік өнер көрсетіп, 26 алтын, 20 күміс, 10 қола медаль қанжығалап қайтты.
Мемлекетіміздің тұрақты дамуының негізі бәсекеге қабілетті жастар болғандықтан олардың жетістіктері біз үшін зор қуаныш.
Қазір ойы озық ғалымдарға, талантты жастарға сұраныс жоғары. Ғылым және жоғары білім министрлігі жастарды ғылымға тарту үшін оларға қолайлы жағдай жасап келеді. Жетісу университетінде жас ғалымдарды ынталандыруға бағытталған университетішілік «Жас ғалым» байқауы бар. Жыл өткен сайын мұндай ғылыми байқауға қатысушылар қатары көбеюде. Олардың әр бағыттағы жобалары отандық және жаһандық өндіріске бағытталған. Болашақта ғылыммен түбегейлі айналысатын жастар қатарында Анет Ибраимов, Самат Серікбаев, Қуаныш Жақпаев, Алия Ақтымбаева, Жалғас Ахметов, Диас Қасқырбаев, Асхат Тоқанбаев сынды жас ғалымдарды атауға болады. Олар бүгінгі таңда «Күзет жүйесіндегі автономды ұшқышсыз ұшу аппараты», «Электрлік ақылды мотоцикл», «Электрлік питбайк», «Электрлік трицикл», «Көп функциялы автономды ұшқышсыз ұшу аппаратына» өнертабыс патентін алды. Бұл – біз үшін, біздің университет үшін үлкен жетістік.
Осыдан он екі ғасыр бұрын ғұлама ғалым Әбу Насыр әл—Фараби «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» десе, мен дәл қазір техника мен ғылымның дамыған ғасырында «Ғылымы мәнді елдің ғұмыры мәңгі» деп айтар едім. Ғылымның маңызын терең түсіну, ғылыми зерттеулерді одан әрі қолдау және дамыту – адамзаттың болашағына қажетті басты шарттың бірі. Ал І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ғалымдары ғылым саласындағы ұлы істердің ұйытқысы болып, оның жаңа деңгейге көтерілуіне өз үлестерін қосып келеді.
Ермек БӨРІБАЕВ,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – ректор