Астана қаласында «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен агрохакатон байқауы өтті. Оған І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Enactus Zhetysu» командасы қатысып, ІІ орын және 300 000 теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Республикалық додаға 200-ге жуық команда қатысып, оқу ордасының жастары үздік деп танылып, ақтық сында өнер көрсеткен 16 үздік ұжымның қатарынан көрінді.
Аталған шараның мақсаты ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық идеяларды қолдау, жас кәсіпкерлер мен агротехнология бағыты бойынша мамандарды біріктіру, сондай-ақ ауылдық өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу.
Бұл жеңіс Жетісу университеті студенттерінің ғылыми-инновациялық әлеуетінің, белсенділігі мен ауыл шаруашылығы саласына деген қызығушылығының айқын дәлелі. Осындай байқаулар жастардың жаңа идеяларын дамытуға, агроинновациялық жобаларды жүзеге асыруға және елдің ауылдық өңірлерін өркендетуге зор мүмкіндік береді.