Жетісу облысында су тасқынына қарсы атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде бүгінге дейін жалпы ұзындығы 2 шақырым қорғаныс дамбылары салынып, жөнделді. 5,8 шақырым су бұру арналары мен арықтар орнатылып, 2,7 шақырым өзен және канал арналары механикалық тазартудан өтті, өзендердің 4 шақырымында тереңдету, арналарын түзеу және жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі кезде Талдықорған қаласында «Үйтас» пен «Қаратал» саяжай қауымдастықтарының аралығында Қаратал өзенін механикалық тазалау, тереңдету, арнасын түзеу мен нығайту жұмыстары аяқталуға жақын.
Сол сияқты Панфилов ауданы Сүптай ауылында Тышқан өзенінің арнасы нығайтылып жатыр. Сонымен қатар су тасқынының алдын алу бағытында жүзеге асырылу жоспарланған 16 іс-шараның 8-і бүгінгі күнге аяқталған.

Атап айтқанда, Сарқан ауданы Қарабөгет ауылында Лепсі, Көксу ауданында Быжы және Жарлыөзек өзендерінің жалпы ұзындығы 830 метр арнасы түзетілді.
Көксу ауданының Мұқаншы және Мұсабек ауылдарында 2,7 шақырым жуық су бұру каналдары тереңдетілді. Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында 500 м су бұру каналы жайластырылды. Қаратал ауданы Көкдала ауылында және Ақсу ауданы Қапал ауылында су бұру каналдарының 2,5 шақырым жуығы тереңдетілді. Сол сияқты тағы 8 нысанда осындай жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте өзен арналарын түзетіп, тереңдетумен қатар дамбы мен көпір орнату және жөндеу, су өткізу құрылыстарын жөндеу және өткізу қабілетін ұлғайту, магистралды каналдарды механикалық тазарту сияқты іс-шаралар атқарылып жатыр.
– Оған қоса жоспардан тыс Кербұлақ ауданы Шұбар ауылында Кескентерек өзенінің арнасы түзетіліп, тереңдетілді. Талдықорғанда Балықты, Қаратал ауданы Тастөбе ауылында Қаратал өзендерінің жағалауларын нығайту мен арналарын механикалық тазалау жүргізілуде.

Жалпы алғанда су тасқынына қарсы жүргізілген жұмыстардың арқасында өңірде ұзындығы 2 шақырым қорғаныс дамбылары салынып, жөнделді, 5,8 шақырым су бұру арналары мен арықтар орнатылып, 2,7 шақырым өзен және канал арналары механикалық тазартудан өтті, 4 шақырымды тереңдету, өзен арналарын түзеу және жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, санитарлық тазарту жұмыстары аясында 48 шақырым канал, 71 шақырым арық және 1489 дана су өткізу құрылысы тазартылды.
Мұндай жұмыстардың су тасқынының алдын алуда маңызы зор. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар жалғасады, – дейді облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ринат Тазабеков.

