Жетісу облысында өрт қауіпсіздігі айлығы жалғасуда. Айлық аясында Төтенше жағдай департаменті қызметкерлері шалғай елді мекендерге шығып, өрттің алдын алу және иіс тиіп улану қаупін төмендету мақсатында рейдтер жүргізуде, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тексеру барысында мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, пештің жылыту жүйесін тексерді, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктер орнатты. Атап айтқанда облыс бойынша әлеуметтік әлжуаз топтағы отбасылардың үйіне биыл 2085 датчик қойылды.
Кезекті профилактикалық рейд барысында өңірдің ТЖД қызметкерлері Кербұлақ ауданына қарасты Аралтөбе ауылына барып, әлеуметтік осал отбасылар тұратын жеке тұрғын үйлерді аралады.
Атап айтқанда, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар адамдар, жалғызбасты аналар мен зейнеткерлердің үйлеріне ерекше назар аударылды. Рейд барысында электр сымдары мен розеткалар тексеріліп, пештер мен мұржалар тазартылды, сондай-ақ тұрғындарға пеш жабдықтарын пайдалану ережелері түсіндірілді.

Көп үйлер пешпен жылытылатын ауылдық жерде мұндай профилактикалық жұмыстардың маңызы ерекше.
Жетісу облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Еламан Әубәкіров пешпен жылытылатын үйлерде мұржаның тазартылмауынан, пештің дұрыс орнатылмауынан, электр желілерінің шамадан тыс жүктелуінен қауіп көп екенін айтты.
Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қабылданып жатқан алдын алу шараларының арқасында жылыту маусымы басталғалы бері өңірдегі өрт саны 20%-ға қысқарған.
Биыл бүкіл облыс бойынша әлеуметтік жағынан осал азаматтардың үйлеріне улы газды анықтайтын 2085 дана датчик орнатылды. Бұдан бөлек, өңірдің тұрғын үй секторында 1510 жиын, 1122 нұсқаулық және 24 брифинг өткізіліп, оларда жалпы саны 32 400-ден астам адам қамтылды.

