Жетісу облысында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге мұндай зиянкестердің ошақтары 45,0 мың гектарда анықталып, соның 36,4 мың гектары немесе 81% өңделді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Атап айтқанда, бүгінгі күнге өңделген көлемнің 14,9 мың гектары авиациямен, 21,1 мың гектары жер үстімен өңделді. Соның ішінде үйірлі және үйірсіз шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары Ақсу ауданында 4680 га, Алакөл ауданында 3520 га, Ескелді ауданында 2402 га, Қаратал ауданында 6480 га, Кербұлақ ауданында 4106 га, Көксу ауданында 5 100 га, Панфилов ауданында 7330 га, Сарқан ауданында 2350 га, Талдықорған қаласында 392 га жерге жүргізілді.
— Барлық шаралар қабылдануда. Техника жеткілікті, қажетті препараттар қоры бар. Атап айтқанда, бұл жұмыстарға 3 жеңіл әуе ұшағы, 3 дрон және 62 бірлік жер үсті бүріккіштері жұмылдырылды. Шегірткенің шоғырланған жерлерін анықтау жұмыстарына 204 адам қатысуда, — деді Жетісу облысы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Мәулен Жұмағалиев.
Шегіртке тектес зиянкестерге және басқа аса қауіпті зиянды организмдер мен карантинді нысандарға қарсы күрес ұйымдастыру жөніндегі облыстық және аудандық штабтар жұмыс жасауда.
Жалпы осы жылы шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын 114,8 мың гектар жерде жүргізу жоспарланған.