Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен шамамен 1 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, қабылданған шаралардың арқасында кезекте тұрған 5735 азамат үйлі болды, ал биыл барлық бағыттар бойынша тағы 2026 адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Атап айтқанда, үш жылда Талдықорғанда 3135, Панфилов ауданында 687, Текелі қаласында 394, Кербұлақ ауданында 390, Алакөл ауданында 325, Ескелді ауданында 209, Көксу ауданында 175, Сарқан ауданында 145, Қаратал ауданында 143, Ақсу ауданында 132 отбасыға үй берілді. Соның 1400-і – көп балалы отбасы, 265-і – жетім балалар, 1643 тұрғын – әлеуметтік осал топтар санатынан. Бұл тұрғын үйлер «Шаңырақ», «Бақытты отбасы», «Жерұйық», «Жетісу жастары» бағдарламалары аясында, демеушілер есебінен берілді, сол сияқты мұның ішінде кредиттік, жалгерлік үйлер мен апатты үйлерде тұратындарды көшіру де бар.
Сонымен қатар биыл өңірде 375,0 мың шаршы метр тұрғын үй, соның 92,3 мың шаршы метрі бюджет қаражаты есебінен, атап айтқанда жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй есебінен, 22,7 мың шаршы метрі «Самұрық – Қазына» АҚ есебінен, 54,4 мың шаршы метр жеке құрылыс салушылар есебінен салынады. Бұл ретте жыл басынан бері тұрғын үйдің жоспарланған көлемінің 72,1 мың шаршы метрі пайдалануға берілді. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалпы ауданы 15,2 мың шаршы метр болатын 258 пәтер сатып алуға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді.
Биыл барлық бағыттар бойынша облыстың 2026 тұрғынын баспанамен қамту жоспарланған. Бұл ретте жыл басынан бері 114 көпбалалы отбасы, 49 жетім бала және халықтың әлеуметтік осал санатынан кезекте тұрған 153 адам – жалпы саны 361 адам Ақсу, Алакөл, Сарқан, Көксу, Қаратал, Кербұлақ, Ескелді, Панфилов аудандары мен Текелі, Талдықорған қалалаларында тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Талдықорғанның жаңа шағын ауданнында 60 пәтерлік көп қабатты үйден жаңа пәтерге ие болғандардың бірі – көп балалы ана Эльмира Көбегенова.
— Көп балалы отбасы ретінде он жылдам астам уақыт кезекте тұрдық. Төрт балам бар, екеуі мектепте оқиды. Өзім аспаз болып жұмыс істеймін. Бүгін, міне, 2 бөлмелі пәтерге ие болып отырмыз. Әулетіміздің қуанышында шек жоқ. Осындай қуаныш әр отбасына жұғысты болсын, — деді көп балалы ана.
Тұрғын үй кілтін алғандардың қатарындағы Шабельский отбасы да бар. Олар қаланың жаңа «Жастар-3» шағын ауданынан жаңа баспанаға ие болды.
— Қазір 25 жасқа келдім. 2011 жылдан бастап тұрғын үйге кезегінде тұрамын. Өзім кішкентайымнан әжемнің қолында өстім. Осы кезге дейін әйел, бала-шағаммен бірге әжемнің үйінде бірге тұрдық. Әрине, өз үйіміз болса деп армандадық, әсіресе екі қызым өз бөлмеміз болса дейтін. Енді, міне, үйімізге қол жеткіздік, қуанышымызда шек жоқ, — деді жас отағасы Святослав Алексеевич.
Ал өткен жылы Республика күніне орай Көксу ауданының тұрғындары да өз үйлерінің кілтін қолына алды. Солардың бірі Жарлыөзек ауылының тұрғыны Рукия Райым өз пікірін білдірді.
— Көп балалы анамын, тұрғын үйге кезегінде 8 жыл тұрдым. Бес балам бар. Ең үлкені 10 жаста, ал кішісі 1,5 жаста. Жұбайым Кербұлақ ауданындағы цемент зауытында жұмыс істейді, өзім үй шаруасындамын. Әрине, балалармен жалдамалы пәтерлерге көшуіп жүру қаржылық жағынан да, моральдық жағынан да қиыншылық туғызатын. Қазір балаларымның өз бөлмесі бар. Үй кең, жарық, жылы, — дейді ол.
Атап өтсек, осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Жетісу облысында тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтардың саны 31 619 адам, оның 15 мыңнан астамы Талдықорғанда тұрады. Өңірде өткен жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың арқасында облыс орталығындағы тұрғын үйге кезек 8,3% — ға төмендеді. Осы жылы тағы 1400-ден астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарланып отыр. Осылайша, 2023-2025 жылдары облыс орталығында 5 мыңға жуық кезекте тұрғандар қолжетімді баспанамен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар Жетісу облысында тұрғын үй тек облыс орталығы мен аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де салынуда, бұл ауылдардың дамуына ықпал етіп, халықтың көшіп кетуін болдырмау үшін қажет.