Жетісу облысында 588 кәсіпорын бар, соның 378-і өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейді. Осы жылдың он айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 323,2 млрд. теңгені құрады. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 240,1 млрд. теңгені құраған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгінде облыстағы кәсіпорындарының өнімділігін арттырып, өндіріс көлемін ұлғайту үшін үнемі цифрландыру элементтері енгізіле отырылып, жаңғыртылады.
Мәселен, осы жылы «Қайнар АКБ» ЖШС өнеркәсіптік аккумуляторлар шығаратын жаңа желіні іске қосып, жаңғырту жүргізді. Сондай-ақ қойма, монтаждау желісі, лазерлік таңбалау және жұмыс уақытын есептеу жүйесі автоматтандырылды. Сол сияқты «Метакон» ЖШС металды лазерлік кесу және металл конструкцияларды роботтық дәнекерлеу жүйесін енгізді, ал «Алацем» ЖШС робот-паллетайзермен жабдықталған орау цехын ашты.
Сонымен қатар қоспаны дайындаудан бастап кесіп, қаптауға дейін толық автоматтандырылған өндіріс процесімен газоблок шығаратын «Стальбетон» ЖШС зауыты пайдалануға берілді.
– Бұл шаралар шығындарды төмендетіп, дәлдікті арттырады және өңір кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Жалпы, 2029 жылға дейін өңдеу өнеркәсібі саласында 1,9 трлн. теңге көлемінде 29 жобаны іске асыру жоспарлануда. 6,7 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
Олардың ішінде ірі перспективалық жобалар «Шоғырландырылған тау-кен құрылыс компаниясы» ЖШС металлургия комбинаты, «Қазақстан-Қытай халықаралық өндірістік қаласы» ЖШС индустриялық паркі, «Empire Manufacturing Kazakhstan» ЖШС пакеттелген кофе мен шай өндірісі, «Envision KKS» ЖШС жел электр станцияларын өндіретін зауыты, –деп атап өтті облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының басшысы Серік Сәбетайұлы.

