Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар негізінде өңірді дамытудың алдағы 6 басым бағытын айқындап берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір басшысы әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, халықтың табысын көтеру, өмір сүру деңгейін жақсарту негізгі міндет екенін баса атап өтті.
Ең алдымен инвестиция тарту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізе отырып, кәсіпкерлікті жандандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу міндеті алға қойылды.
Жетісудың аграрлы аймақ екенін ескерген облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласына ерекше тоқталды.
– Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру керектігін айтты. Бұл тек қаржы бөлумен шектелмейді, әр тиынның қайтарымы болуы тиіс. Басты мақсат – мал шаруашылығын қарқынды дамыту және ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аграрлық әлеуетті толық іске асыру негізгі міндет. Бұл бағытта «Ауыл аманаты» жобасы маңызды рөл атқарады. 2026-2028 жылдары облысымызға осы жоба аясында 22,6 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде биылдың өзінде 5 млрд теңгеге жуық қаражатқа 400-ге тарта жобаны іске асыру жоспарда, – деді Бейбіт Исабаев.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы саласына заманауи агротехнологиялар мен су үнемдеу жүйелерін енгізу, жер ресурстарын тиімді пайдалану, игерілмей бос жатқан жерлерді қайта айналымға қосу сияқты өзекті мәселелерге тоқталды. Бұл ретте инвестиция тарту арқылы тауарлы сүт фермаларын, мал бордақылау алаңдарын, құс фабрикасын ашу, жылыжай шаруашылығын дамыту мен балық өсіру ісін қолға алу қажет екені айтылды.
Екінші маңызды бағыт ретінде өнеркәсіпті дамыту көзделіп отыр. Әкімнің айтуынша, әр аудан мен қаланың экономикалық ерекшелігіне қарай жаңа инвесторлар тартып, өндірістік және сервистік кәсіпорындар ашу қажет. Мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланып, шағын және орта бизнестің белсенділігін арттыру арқылы тұрақты жұмыс орындарын көбейту міндеттелді.
Жиында үшінші және төртінші міндет ретінде құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалары да айтылды. Облыс басшысы барлық құрылыс нысандарының мерзімінде аяқталуын және бөлінген қаражаттың толық әрі сапалы игерілуін қатаң бақылауды тапсырды. Сондай-ақ сумен, газбен, жылумен, электр энергиясымен қамту және автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары да уақытылы әрі сапалы жүзеге асуы тиіс.
Экология және абаттандыру жұмыстары да ерекше назарға алынды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша Ақсу, Көксу, Қаратал аудандарындағы саябақтар жаңғыртылып, Талдықорған, Текелі, Сарқан қалаларындағы экопарктердің құрылысы биыл аяқталуы тиіс.
Бесінші бағыт денсаулық сақтау саласына арналды. Бұл ретте халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын көтеру, ауруларды ерте анықтау үшін скринингтік тексерулерді күшейту және тәжірибелі медицина мамандарын облысқа тарту жұмыстары жалғасатыны айтылды.
Соңғы, алтыншы мәселе – бюджеттік шығыстарды оңтайландыру. Аймақ басшысы бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін әрбір шығысқа мұқият талдау жасау қажет екенін атап өтті.
– Облысымыздың өткен жылғы жетістіктеріне барлық тұрғындарымыздың еңбегі зор. Биыл осы нәтижелерді еселей түсуіміз қажет, – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев сөзін қорытындылай келе.
Тілшілеріміз Жетісу облысында соңғы үш жылда 1,5 трлн теңге инвестиция тартылғанын жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

