Жетісу облысы құрылғаннан бері Кербұлақ ауданының тынысы өзгеріп келеді. Экономикаға 128 миллиард теңгеден астам қаржы тартылған, оның басым бөлігі жеке салым. Бұдан ауданға сырттан сенім артылғанын байқаймыз. Биыл он айдың ішінде негізгі көрсеткіштердің бәрінде өсім бар екені айтылды. Әсіресе өнеркәсіп саласында қозғалыс байқалады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауданда тоғыз өнеркәсіп нысаны жұмыс істейді. Соның ішінде «Алацем» зауытының үлесі айрықша. Тек биылдың өзінде 1 миллион 200 мың тоннадан астам цемент өндірілген. Зауыт аудан өндірісінің 87 пайызын беріп отыр.
«Жоламан» қиыршық тас зауытында да өсім бар. Өткен жылмен салыстырғанда өнім көлемі 44 пайызға артқан. Биыл 269 мың тоннаға жеткен. «Техаренда» кәсіпорны мамыр айынан бері бетон шығарып, жергілікті нарыққа нақты үлес қоса бастады.
Аудан алдағы жылдарды да есептеп отыр. 2026-2028 жылдарға арналған инвестициялық пулда 1,4 триллион теңгенің тоғыз жобасы бекітілген. Егер осы жобалар іске асса, 2,500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Ең ірі жобаның бірі тау-кен кластері. Жылына 50 миллион тонна руда өңдеп, мыс концентраты мен катодын шығарады. Жобаның құны 1 триллион 300 миллиард теңге, іске қосылғанда 2,200-ден астам адам жұмысқа тұрады. Бұл ауданның келесі бетбұрысы болуы мүмкін.
Сондай-ақ, шетелдік инвестиция тартып, жылына 110 мың тонна сұйытылған газ өндіретін зауыт салу жоспарланған. 70 миллион доллар құйылады. Құрылыс кезінде 300 адам, іске қосылғанда 70 адам жұмыспен қамтылады.
Жоба жеке кәсіпорын ғана емес, энергетикаға бағытталған нақты қадам болып тұр. Сонымен бірге мал бордақылау алаңы, әктас зауыты, асфальт зауыты, күн электр станциясы секілді жобалар да қарастырылған. Әр жоба ауыл экономикасын тірілтуге мүмкіндік береді.
Туризм жайлы да жоспар бар. «Алтынемел» ұлттық паркіне келушілердің саны екі есе артқан. Бұл табиғи әлеуеттің іске асыла бастағанын көрсетеді. Жел, тас, тау ғана емес, қызмет те пайдаға айналып жатыр. Туризм қосалқы сала емес, дұрыс басқарылса табыс көзінің бірі болады. Ауданда осы бағытқа көңіл бөлініп жатқаны байқалады.
Кербұлақта ауылдың өмірі баяу емес екенін осы деректер дәлелдейді. Инвестиция тарту мақсаттың соңы емес, бастамасы ғана. Жұмыс орны көбейсе, адам тұрақтайды. Адам тұрақтаса, ел де тұрақталады. Бұның бәрі жоспарланған іске шын жауапкершілікпен қарағанда ғана нәтиже береді. Аудан сол бағытқа бет алып отырғаны анық.

