Алматының іргесіндегі Сорбұлақ қоймасы аймаққа төнген аса ірі апатқа айналуы мүмкін.
Мәселені Мәжіліс депутаттары ресми түрде Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің назарына ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.
37 жыл бұрын қаланың лас суын уақытша төгуге арналған Сорбұлақ, бүгінде үлкен улы көлге айналған. Мұнда 750 миллион текше метр қауіпті сұйықтық жиналған.
Соңғы зерттеу нәтижесі бойынша, көл суынан денсаулыққа аса зиянды 31 түрлі химиялық элемент пен ауыр металдар анықталған. Әсіресе кадмий деңгейі қалыпты мөлшерден төрт есе асып кеткен.
Көзге көрінбейтін улы элемент өкпе, бүйрек және жүйке жүйесін зақымдап, обыр дертіне ұшыратады.
Депутаттар апаттың ықтимал зардаптарын Чернобыль апатымен теңестіріп отыр. Өйткені қазір қойма үштен екіге жуық толған, әрі оның табанындағы шөгінділер тұрақсыз.
Толассыз жауған жауын-шашын, су тасқыны немесе жер сілкінісі кезінде улы қойма жарылса, жақын маңдағы Ақши, Күрті ауылдары бірден қауіпке ілігеді. Лас судың арыны Іле, Балқаш және Қапшағайға дейін жетуі мүмкін.
Депутаттар 1988 жылы Жаманқұм бөгетінің жарылуынан 13 адамның қаза тапқанын еске салды.
Мәжіліс депутаттары Үкіметке нақты төрт ұсыныс айтты:
- көл суының құрамын тәуелсіз сарапшылар арқылы зерттеу,
- заманауи су тазарту нысандарын салу,
- осы мақсатқа бөлінген қаржыға аудит жүргізу және
- Сорбұлақтағы судың бір бөлігін егістікке жарамды ету үшін арнайы каналдар арқылы басқа жаққа бағыттау.
Депутаттар тек Іле ауданы ғана емес, бүкіл Жетісу өңірінің қауіпсіздігі қыл үстінде тұрғанын жеткізіп, мәселені Үкіметтің ерекше бақылауына алуды сұрады.