Сарқан қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Райгүл Закарияқызы 25 жылдық сүт өнімдерін өңдеу тәжірибесін жаңа деңгейге көтерді. Ол баласының ұсынысымен бие сүтінің емдік қасиетін ескеріп, ұлттық тағам ерекшеліктеріне сай, ешқандай жасанды қоспасыз саумалдан балмұздақ жасап шығарды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрамында үй қаймағы мен табиғи бал бар, пайдалы әрі дәмді өнім!
– Ежелден ата-бабаларымыз бие сүтінің жоғары емдік қасиетін білген. Сондықтан оны балалар тағамында пайдалану орынды деп есептеймін, – дейді Райгүл Закарияқызы.
Райгүл өзінің жаңа өнімін «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде таныстырып, жартылай финалист атанды. Енді ол өндірісті автоматтандыру үшін мемлекеттік қолдау бағдарламасына қатысуды жоспарлап отыр.

Жетісу облысының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының мәліметіне қарағанда, бұл жоба оны іске асырудың барлық кезеңдерінде толық сүйемелденеді. Оған маркетинг негіздері, қаржылық сауаттылық және жалпы кәсіп жүргізу қағидаттары бойынша оқыту да кіреді.
Жетісу облысының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы бұл жобаны толық сүйемелдеуге дайын. Мақсат – үй жағдайындағы сапалы өнімді үлкен нарыққа шығару.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері де бастапқыда Райгүл секілді өз ісін шағын көлемде бастаған. Қазір олар өз өнімдерінің түрлерін көбейтіп, жергілікті дүкендерге, сондай-ақ Алматы қаласына да шығарып отыр. Біз оларға жеке бренд қалыптастыруға көмектестік деп айта аламыз. Мысалы, Көксу ауданында бал және басқа да ара шаруашылығы өнімдерін дайындайтын кәсіпкер әйел, сол сияқты әжелеріміздің көне рецепті бойынша ашытқысыз нан пісіретін ақсулық тұрғын, осындай табысты мысалдар көп. Біздің облыс тұрғындары еңбекқор, үнемі дамуға ұмтылады. Ал біздің мақсатымыз – олардың идеяларын нақты, тұрақты табыс әкелетін бизнеске айналдыруға қолдау көрсету, – деді облыстық Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менторы Светлана Оңғарбаева.

