Қазақстанда жасанды интеллект саласын реттейтін жаңа заң ресми түрде күшіне енді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құжатқа президент қол қойған күннен бері 60 күн өтіп, енді бұл заң толыққанды қолданыла бастады. Заңның басты ұстанымы технологиядан бұрын адамның құқығы мен бостандығын жоғары қою.
«Жасанды интеллект адамды таңдау еркіндігінен, шешім қабылдау құқығынан айырмауы тиіс», – дейді Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі.
Жаңа заң аясында енді барлық жасанды интеллект жүйелері үш санатқа бөлінді: төмен, орта және жоғары тәуекелді жүйелер. Мемлекеттік деректермен жұмыс істейтін немесе маңызды салаларда қолданылатын жоғары тәуекелді жүйелер мемлекеттік ақпараттық жүйелер деңгейінде қатаң бақылауға алынады.
Бұдан былай…
Қазақстанда енді адамға жасырын түрде психологиялық қысым жасайтын, жасын, денсаулық жағдайын немесе әлеуметтік мәртебесін пайдаланатын, әлеуметтік немесе биометриялық кемсітушілікке жол беретін, адамның эмоциясын оның келісімінсіз анықтайтын, жеке деректерді қорғайтын заңнаманы бұзатын және тыйым салынған контентті әзірлеп тарататын жасанды интеллект жүйелеріне мүлде рұқсат жоқ.
Сонымен бірге жасанды интеллект көмегімен жасалған өнімдер, қызметтер немесе шығармашылық жұмыстар арнайы белгімен анық көрсетіліп, тұтынушыға түсінікті түрде хабарлануы міндетті.
Жасанды интеллект туындыларына авторлық құқық тек адамның шығармашылық үлесі болғанда ғана беріледі. Сондай-ақ ЖИ-ды үйретуге арналған мәтіндік сұраулар (промпттар) да авторлық құқықпен қорғалады. Өзгенің туындысын жасанды интеллектке үйрету үшін автордың жеке келісімі қажет.
Министрлік заң Қазақстанда жасанды интеллекттің дамуын азаматтар үшін қауіпсіз әрі ашық етуге ықпал етеді деген сенімде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жыл Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллектке арналатынын бұған дейін мәлімдеген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

