27 ақпанда өткен «Ауыл» партиясы саяси кеңесі төралқасының отырысында Жигули Дайрабаев партия төрағасының орынбасары қызметінен босатылды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі жеткізді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Мәліметке сүйенсек, Дайрабаевты қызметінен босату туралы шешім саяси кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан қабылданған.
Дайрабаев туралы
Дайрабаев 2023 жылдан бері VIII шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметін атқарып келеді. Ол Қазақ ауылшаруашылығы институтында білім алып, ғалым-агроном мамандығын меңгерген.
Әр жылдары түрлі лауазымдарда қызмет еткен:
- 2015-2019 жылдары – «Қазақстан фермерлер одағы» ҚБ-ның Жамбыл облыстық филиалының төрағасы;
- 2019 жылдың желтоқсанынан бастап «Қазақстан фермерлер одағы» ҚБ президенті;
- 2020 жылдың маусымынан Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы;
- 2022 жылдың маусымынан «Атамекен» ҚР Кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешені комитетінің төрағасы;
- 2022 жылдың желтоқсанында «Ауыл» ХДП төрағасының орынбасары болып сайланған;
- 2021 жылы Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия төрағасының орынбасары болды.
Жигули Дайрабаевтың жалпы еңбек өтілі 52 жылдан асады, оның 49 жылында басшылық қызметтерде жұмыс істеген.
Жуырда жасаған мәлімдемесі
Айта кетейік, жуырда депутат Мәжіліс мінберінде Солтүстік Қазақстанға барып, басқа мемлекетте жүргендей сезінгенін айтты.
Мәдениет және білім беру мәселелері бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Жигули Дайрабаев тіл мәселесін көтерді.
«Масқара ғой, айналайындар, 34 жылдан бері тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде өмір сүріп жатырмыз. Солтүстік аймаққа сенбіде барып қайттым. Басқа бір мемлекетте жүрген сияқты сезінесің. Біздің ешкімге өкпеміз жоқ. Бірақ біз қазақ ұлты мемлекет құраушы ұлтпыз. Неге бізде қазақша болмайды? Кім кедергі? Қай жаққа қарап отырсыздар? Жан ауырады», – деді Жигули Дайрабаев.
Депутаттың бұл өткір мәлімдемесі оның қызметіне қаншалық әсер еткені белгісіз, өйткені оның партиядағы қызметінен босатылу себебі нақтыланбады.