Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Анас Баққожаев әріптесі Жигули Дайрабаевтың партия төрағасының орынбасары қызметінен кетуіне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Депутаттың сөзінше, Жигули Дайрабаевтың партиядағы қызметінен босатылуы ол жасаған мәлімдемеге байланысты болуы мүмкін емес.
«Жоқ, о не дегендеріңіз?! Бізде әрбір адам кез келген мәлімдеме жасай алады. Менің ойымша, бұл оның себебі емес. Жеке себептері бар деп ойлаймын. Мүмкін ол шаршаған шығар, мүмкін депутаттық жұмысымен айналысқысы келеді», — деді мәжілісмен.
Оның айтуынша, мұндай шешім Жигули Дайрабаевтың Парламенттегі заң шығару қызметіне көбірек уақыты жетуі үшін қабылданған да болуы мүмкін.
27 ақпанда өткен «Ауыл» партиясы саяси кеңесі төралқасының отырысында Жигули Дайрабаев партия төрағасының орынбасары қызметінен босатылды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі жеткізді.
Мәліметке сүйенсек, Дайрабаевты қызметінен босату туралы шешім саяси кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан қабылданған.
Жуырда жасаған мәлімдемесі
Айта кетейік, жуырда депутат Мәжіліс мінберінде Солтүстік Қазақстанға барып, басқа мемлекетте жүргендей сезінгенін айтты.
Мәдениет және білім беру мәселелері бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Жигули Дайрабаев тіл мәселесін көтерді.
«Масқара ғой, айналайындар, 34 жылдан бері тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде өмір сүріп жатырмыз. Солтүстік аймаққа сенбіде барып қайттым. Басқа бір мемлекетте жүрген сияқты сезінесің. Біздің ешкімге өкпеміз жоқ. Бірақ біз, қазақ ұлты мемлекет құраушы ұлтпыз. Неге бізде қазақша болмайды? Кім кедергі? Қай жаққа қарап отырсыздар? Жан ауырады», – деді Жигули Дайрабаев.
Депутаттың бұл өткір мәлімдемесі оның қызметіне қаншалық әсер еткені белгісіз, өйткені оның партиядағы қызметінен босатылу себебі нақтыланбады.