Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, басы жиі дауға қалатын Станислав Черчесов Instagram парақшасында қазақ тілінде жазба жариялады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ол желідегі жазбасында Абат Айымбетовті құттықтады.
«Абат қуантты! Ойыншыларымыздың еуропалық чемпионаттардағы жетістіктерін ұдайы бақылап отырам. Кеше шабуылшы Абат Айымбет Түркиядағы чемпионатта «Адана Демирспор» үшін гол салды. Бұл оның үшінші матчтағы үшінші голы. Міне бүгін Абатқа қоңырау соғып, жетістігімен құттықтадым. Осы қарқынды төмендетпеуіне тілектестік білдірдім. Ол дарынды жігіт, болашағы алда. Жарайсың, бауырым!» — деді ол.
Желі қолданушылары Черчесовтің бұл жазбасын да қызу талқыға салып жатыр.
«Өтірік салып қояйын деді ғой , жұмыс жасаған кейіп танытқаны», «Көке, кететін түріңіз бар ма?», «Французша ештеңе айтпайсың ба немесе түрікше», — деді олар.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің басы дауға қалғаны хабарланды. Ол қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске «француз тілінде сұрап тұрсың ба?» деген. Бұл жайт қоғамда қызу талқыға түсті.
Артынша Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Станислав Черчесовтің баспасөз жиыны кезіндегі әрекетіне қатысты мәлімдеме жасады.
«Жазбада видеоның үзіндісі көрсетілген. Негізі бұл сұрақты Францияның ПСЖ клубының формасын киіп жүрген қазақстандық журналист Бегасыл Сейітқанов баспасөз мәслихатында қойғаннан кейін бас бапкер әзілдеп, жауап қайтарған болатын», — деп жазылған еді хабарламада.
Жуырда Черчесов қызметінен кететіні туралы тағы бір ақпарат тарады. Алайда бұл қауесет болып шықты.