Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі өзгеруі мүмкін. Жаңа жоба бойынша бұл көрсеткіш кейінге қалдырылған өмір бойғы зейнетақы аннуитетінің құны негізінде анықталмақ деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Ашық НҚА» порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін азаматтардың тұрақты әрі теңгерімді зейнетақы табысын қамтамасыз ету мақсатында қайта қарау ұсынылған. Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, шекті мөлшерлемелер енді кейінге қалдырылған өмір бойғы зейнетақы аннуитетінің құны негізінде есептелмек.
Айта кетейік, Қазақстанда азаматтар зейнетақы аннуитетін өз жинақтарын сақтандыру компаниясына тапсыру арқылы рәсімдей алады. Мұндай жағдайда сақтандырушы компания өмір бойы тұрақты төлемдер жасап отырады. Аннуитет бағасы азаматтың жасы мен жынысына байланысты анықталып, әдетте 10 миллион теңгеден асып түседі.
Жоба авторларының айтуынша, енгізілетін өзгеріс зейнетақы жинағының жеткіліктілік деңгейін анықтау механизмін жетілдіріп, зейнетақы төлемдерінің көлемін азаматтар үшін анағұрлым лайықты етуге бағытталған.
Еске салайық, жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинағы бар азаматтар тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін ала алады.
Қазіргі уақытта қаулы жобасы 21 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға шығарылған. Демек, өзгерістер әзірге заңды күшіне енген жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







