Олжас Бектенов әкімдерге ескерту жасады. Вокзал мәселесі бақылаудан шығып барады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Үкімет басшысы бірнеше өңір әкімдерінің теміржол вокзалдарын жөндеу мен жаңғырту жұмысын тиісті деңгейде қадағаламай отырғанын сынады.
Бектеновтің айтуынша, құрылыс жұмысын мерзімінде аяқтау үшін Үкімет барлық жағдайды жасаған. Әкімдіктерге ыңғайлы әрі тиімді шартпен мердігерлер таңдалып, биыл жұмысты бастап кетуге барлық мүмкіндік болған.
Дегенмен, бірқатар облыста жұмыстың баяу жүргізілуі мен мерзімінен кешігу қаупі байқалып отыр.
«Жетісу, Абай, Ұлытау, Ақмола және Ақтөбе облысындағы вокзалдарда жұмыстың дер кезінде аяқталмау қаупі жоғары. Маңғыстау облысындағы бір вокзалда жөндеу жұмысы жоспардан кешігіп жатыр. Алматы қаласындағы Алматы-1 вокзалын жаңғырту ісі созылып кетті. Мұның бәрі әкімдіктердің өз міндеттерін тиісінше орындамағанының салдары», – деді премьер-министр.
Үкімет басшысы құрылыстың сапасына жауапкершілік тікелей жергілікті атқарушы органдардың басшыларында екенін қатаң ескертіп, барлық жұмысты уақытында аяқтауды талап етті. Жиын соңында Бектенов жауапты тұлғаларға осы бағыттағы бірқатар тапсырмалар берді.
Бұған дейін желідегі қауым Алматы-1 теміржол вокзалының қазіргі жағдайын сынға алған болатын. Вокзалдың бүгінгі кейпін көрген жұрт оны «бомбыдан кейінгі көрініске» теңеген еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Мәминнен қалған мұра: 18 жыл бойы жөндеу көрмеген бетон кімнің басына құлайды

