Алматы әкімдігі қоғамдық көліктегі жолақысын тағы көтеруді жоспарлап отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаладағы қоғамдық көлік тарифі соңғы рет былтыр ғана 20 теңгеге қымбаттап, қолма-қол ақшасыз төлем – 100 теңгеге, ал қолма-қол төлем – 200 теңгеге жеткен еді. Енді әкімдік биыл жолақыны тағы 20 теңгеге көтеріп, электронды төлем құнын 120 теңгеге жеткізуді көздеуде.
Қалалық мобильділік басқармасының айтуынша, қазіргі тариф тасымалдаушылардың шығындарын ақтамайды.
Алматыда орташа есеппен әр жолаушыны тасымалдаудың шынайы құны – 310 теңге, кейбір бағыттарда тіпті 400 теңгеден асып кетеді. Бұл айырмашылық жыл сайын жергілікті бюджеттен бөлінетін субсидия арқылы жабылуда.
Биыл субсидия көлемі 68,7 миллиард теңге болса, 2024 жылға болжамды көрсеткіш 97,3 миллиард теңгеге дейін өсіп отыр. Осылай жалғаса берсе, бұл қала бюджетіне үлкен салмақ түсірмек.
«Қолданыстағы тарифтер тасымалдаушылардың автобусты жаңартуға, жөндеуге, жүргізушілердің жалақысын көтеруге жұмсалатын шығындарын өтеуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан әкімдік тарифті қайта қарауға мәжбүр. Бұл шара тасымалдаушыларға түсетін салмақты азайтып, бюджеттің субсидиялау шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді», – делінген әкімдік хабарламасында.
Жаңа тариф бойынша жол жүру ақысы – 120 теңге, ал жеңілдігі бар жолаушылар үшін оның жартысы (60 теңге) көлемінде белгіленбек.
Сонымен қатар, жолаушылардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында автобус жүргізушілері қолма-қол ақша қабылдауды тоқтатуы мүмкін. Бұл өз кезегінде жүргізушінің жол қозғалысына толық көңіл бөлуіне жағдай жасайды. Қазір бұл ұсыныс ашық талқылауға шығарылған.
Бұған дейін депутат Перуашев Қазақстанды «штрапстанға» теңеген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

