Қазақстанда 5–7 желтоқсан аралығында жол қозғалысы ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге қарсы «Қауіпті жүргізуші» операциясы өтеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, осы күндері ел аумағындағы жолдарда полиция патрульдерінің саны көбейеді.
Тәртіп сақшылары әсіресе ереже бұзуды әдетке айналдырған, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын және жауапкершіліктен жалтаруға тырысатын жүргізушілерді ерекше бақылауға алмақ.
«Елімізде жол ережесін 40 реттен астам бұзған төрт мыңнан аса жүргізуші бар. Жалған немесе мүлде нөмірсіз жүрген көліктер мен айыппұл төлеуден жалтарып жүрген жүргізушілер де бақылауға алынады», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Шара аясында арнайы мобильді топтар құрылған. Оның құрамында көлік инспекциясының мамандары, мемлекеттік кірістер және көлік прокуратурасының өкілдері жұмыс істейді.
Бұған дейін Ertenmedia 28 қарашадан бастап патрульдік полицияның қызметіне қатысты өзгеріс те күшіне енгенін хабарлаған. Полиция қызметкерлеріне жол ережесін бұзған көліктерді қозғалыста ғана емес, жол жиегінде тұрып та бақылауға қайтадан рұқсат беріледі.
Былайша айтқанда, пәлцейлер 2013 жылғы реформаға дейінгі тәртіпке оралады. Патрульдік полиция қызметкерлері арнайы «тұрақ нүктелерінде» тұрып, көліктерді тоқтата алады.
Жаңа нұсқаулықта полиция қызметкері жүргізушіні көліктен түсуге міндеттей алатын жағдайлар да анық көрсетілген.
Олар: масаң күйде немесе шаршағанын анықтау, көлікті тексеру, көлік нөмірін салыстыру, тергеу амалдарына қатысу, техникалық ақауды жою, сондай-ақ жүргізушінің полиция қызметкеріне қауіп төндіруі.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше жыл басынан бері Қазақстанда 29 мыңнан астам жол апаты болған. Басты себептер жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу, мас күйде көлік жүргізу және жүргіншілердің жолды кесіп өтуі. ІІМ дерегінше, тек жылдамдықты асырудан 406 адам, қарсы бағытқа шығудан 400 адам көз жұмған.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
29 мың апат пен жылдамдықтың жазасы: Сәденов полицияны жол жиегіне қайта шығарды

