Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елге инвестиция тартудың ауқымды бағдарламасы іске қосылатынын мәлімдеді.
Бағдарлама шеңберінде жалпы сомасы 5 триллион теңгеден асатын жобалар жоспарланған. Бұған қоса, жоғары технологиялық салаларға кемінде 1 миллиард доллар бағытталмақ деп хабарлайды Ertenmedia.
Министрдің айтуынша, негізгі қаржыны коммерциялық банктер бөледі. Бірақ қажет болған жағдайда Ұлттық қордың қаражаты да қосымша тартылуы мүмкін.
«Жобаға инвесторларды іздеу, талдау және келіссөздерді жүргізу міндеті «Бәйтерек» холдингіне жүктеледі. Ал Ұлттық банкпен бірлесіп, жоғары технологиялық салаларға инвестиция құюдың арнайы бағдарламасы әзірленбек. Оның көлемі 1 миллиард долларға дейін жетеді. Бұл бағдарламаға Ұлттық қор мен екінші деңгейдегі банктердің қаражатын тарту жоспарлануда», – деді Жұманғарин үкімет отырысында.
Сонымен бірге, министр банк секторына қатысты заңнамада бірқатар өзгерістер дайындалып жатқанын жеткізді.
«Жақын арада «Банктер туралы» жаңа заң әзірленеді. Онда финтех саласын дамытуға, цифрлық активтер нарығын либерализациялауға жағдай жасалады. Банктердің бос тұрған қаражатын нақты экономикалық секторға тарту тетіктері де жетілдіріледі», – деді Ұлттық экономика министрі.
Айта кетелік, күні кешегі Жолдауында президент Тоқаев Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңарту туралы нақты тапсырма берген. Оның айтуынша, Қазақстанға капитал үшін әлемдік бәсеке күшейіп тұрғанда ірі инвестицияларды тартудың жаңа әрі тиімді жолдарын табу қажет.
Инвестицияны аңсаған Ақорда: Үкіметке берілген он күндік ультиматум