ҰҚК АрнайыХҚКО (СпецЦОН) мен «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының қызметкерлері қатысқан ірі жемқорлық схемасын анықтады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жыл басынан бері Астана, Ақмола және Павлодар облыстарында жүргізуші куәлігін алу кезінде заңсыз ақша айналымына қатысты жүйелі қылмыстар әшкереленді. Мысалы, Астанада АрнайыХҚКО басшысының бұрынғы орынбасары азаматтардан жүйелі түрде пара алып, емтихан тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін рәсімдеуге көмектескен.
Осы факті бойынша тергеушілер 60-тан астам заңсыз әрекетті анықтап, пара көлемі 100 миллион теңгеден асқанын тіркеген.
Ұқсас жағдайлар Көкшетау мен Екібастұз қаласында да орын алған. АрнайыХҚКО және «Азаматтарға арналған үкімет» филиалдарының басшылары емтихан тапсыруға бөгде тұлғаларды тартып, сол қызмет үшін қомақты сыйақы алған.
«Мемлекеттік корпорация қызметкерлері жылжымайтын мүлік операциялары кезінде де заңсыз пайда тауып келген. Осындай бұзушылықтар Астана, Шымкент және Тараз қалаларында анықталды», – деп мәлімдеді ҰҚК баспасөз қызметі.
Қазір барлық оқиғалар бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Әзірге күдіктілердің қамауға алынған-алынбағаны белгісіз.
Бұған дейін сәуір айынан бастап қазақстандықтар жүргізуші куәлігін мерзімі өткеннен кейін де онлайн ауыстыра алатыны хабарланған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







