Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының мобильді аударымдарға қатысты ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін депутаттар жеке тұлғаның бір айлық аударымы 1 млн теңгеден асқан жағдайда ғана бақылауға алу керек деген бастама көтерген. Алайда Үкімет депутаттардың ұсынысын қолдамай отыр.
«Жеке азаматтардың табысы айына 1 млн теңгеден асқанда ғана мобильді аударымдарын тексеру – салық жүйесіндегі әділеттілік принциптеріне қайшы келеді. Ал мониторингтің ең төменгі шегін 3-5 мың теңге мөлшерінде белгілеу ұсынысы да қолайсыз. Себебі бөлшек саудадағы тауардың құны одан төмен болуы мүмкін. Бірақ айналымы айтарлықтай жоғары», – деді министр Жұманғарин.
Қазір елімізде мобильді аударымдарды бақылаудың тиімді жолы талқыланып жатыр. Бұған дейін Қаржы министрлігі мобильді аударымдарды қадағалаудың жаңа тәсілін ұсынған еді.
Қолданыстағы тәртіп бойынша, соңғы үш ай ішінде бір тұлғаға жүзден аса адамнан мобильді аударым түссе, банк ол туралы ақпаратты салық органдарына жолдауға міндетті. Мұндағы негізгі шарт – аударым түскен шот кәсіпкерлік қызметке арналмаған болуы керек.
Қаржымин мен Ұлттық банктің не білгені бар?
Енді Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк бұл талапқа қосымша өзгерістер енгізбекші.
«Қазіргі талаптарға мобильді аударымдардың жалпы сомасына байланысты қосымша шарт енгізіледі. Атап айтқанда, аударымдардың жалпы көлемі үш айда 12 АЕК-тен (1 020 000 теңгеден) аспауы керек», – делінген ресми хабарламада.
Жаңа тәртіп бойынша, енді үш айда 1,02 миллион теңгеден аз қаражат түскен азаматтар туралы банктер салық органдарына ақпарат бермейді. Үш ай ішінде аударым саны 100-ден асып кеткен жағдайда да бұл ереже сақталады. Қазіргі уақытта тиісті бұйрық Ұлттық банктің қарауында жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

