«Салық кодексі Құран сөзі емес». Тоқаевтың бір ауыз сөзі Үкімет қабырғасында қызу талқының басталуына түрткі болды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов бүгінгі отырыста президент Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы тапсырмаларын орындау үшін нақты әрі жүйелі жұмыс қажет екенін айтты.
Оның ішінде халық арасында қарсылық тудырған жаңа Салық кодексіне өзгеріс енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Президент жаңа Салық кодексі ешқашан қатып қалған, өзгертуге болмайтын құжат ретінде қарастырылмауы керектігін ескертті.
Сондықтан сізге, Серік Мақашұлы (Жұманғарин), халық пен бизнестен түскен барлық ұсынысты мұқият жинақтап, талдау жасауды тапсырамын. Ұлттық палата «Атамекен», экономистер мен сарапшыларды тарта отырып, жүйелі жұмыс жүргізіңіз.
Аймақтардың да осы іске белсенді араласуы қажет. Қоғамды толғандырған мәселелерді жедел қарап, нақты ұсыныстар енгізіңіздер», – деді Бектенов.
Секең не дейді?
Осы ретте Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексін тиімді әрі жан-жақты енгізу үшін арнайы жоба кеңсесі құрылатынын мәлімдеді.
«Кеңсе бизнестің барлық сұрағы мен ұсынысын жинақтайтын, келісімді шешім қабылдап, мемлекеттің біртұтас ұстанымын қалыптастыратын орталық болады. Әр ұсыныс жіті зерделеніп, қажеттілік туындаған жағдайда кодекске түзету енгізіледі. Осы арқылы біз жаңа Салық кодексіне кикілжіңсіз, үйлесімді түрде өтуді қамтамасыз етеміз», – деді Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, алдағы уақытта іске асатын өзгерістер бизнестің тынысын кеңейтіп, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған тұрақты экономикалық өсімге жол ашады.
Контекст
Еске сала кетсек, кеше Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда президент Тоқаев жаңа Салық кодексіне қоғамның орынды ұсыныстарын ескере отырып, қажетті өзгеріс енгізуді тапсырған болатын.
«Салық кодексі Құран сөзі емес. Оған өзгеріс енгізуге әбден болады. Халықтың сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеу керек», – деген еді Президент. Жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген еді.
Ең қызығы, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өзін «жаңа салық реформасының әкесі» деп атаған болатын. Шендінің қымбатшылық болмайды деген болжамы орындалмай, жаңа жыл бастала саласымен барлық жерде баға күрт көтеріліп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

