Үкімет жаңа жыл қарсаңында нарықтағы баға тұрақтылығын сақтау үшін бірқатар шараларды қолға алады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы 14 желтоқсанда вице-премьер Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Қарашада азық-түлік бағасының өсімі қазан айымен салыстырғанда өзгеріссіз – 1% шамасында қалса, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 0,9%-ға баяулаған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы соңғы төрт аптада тұрақты, еш өзгермеген.
Жиында жылыжай өнімдерінің, әсіресе қызанақ пен қиярдың бағасына ерекше назар аударылды. Серік Жұманғарин бұл мәселені шешу үшін шекарадағы өткізу пункттерінде Түркіменстаннан жеткізілетін көкөніске «жасыл дәліздер» ашуды тапсырды. Осы арқылы өз жылыжай өндірісі жеткіліксіз аймақтарға қызанақ пен қияр тұрақты әрі қолжетімді бағамен жеткізілмек.
Бағаны реттеудің тың амалы табылды
Жаңа жыл қарсаңында баға саясатын реттеудің тағы бір жолы тікелей сауда форматтарын кеңейту. 22–31 желтоқсан аралығында республикадағы ірі супермаркеттерде «Bereke fest» акциясы өтеді. Оның ерекшелігі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті шаруалардан тікелей алып, тұтынушыларға арзан бағамен сату.
Желтоқсан айында Қазақстан бойынша 800-ден астам ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Сауда комитетіне жәрмеңкелерге қажетті өнімдерді шалғай өңірлерге, әсіресе Ұлытау мен Маңғыстауға жеткізуді ұйымдастыру міндеттелді.
Ұлытау облысында логистикалық қиындық пен қоймалардың аздығына байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сақтау үшін арнайы логистикалық орталық ашылады. Бұл өңірдегі азық-түлік қорын тұрақты түрде сақтап, тасымал шығындарын азайтып, аймақтық дистрибуциялық хаб қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы бағаны тұрақтандыру механизмдеріне қатысты ережелерге өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты. Жаңа талап бойынша әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қоймалары онлайн-мониторинг жүйесімен міндетті түрде жабдықталуы тиіс.
Қазір пилоттық жоба «Қазақтелеком» АҚ тарапынан Қызылордадағы 3 мың шаршы метрлік қоймада іске асырылуда. Келесі жылы мұндай жүйемен барлық ӘКК қоймалары қамтылады. Осы арқылы өнім қорының саны, сапасы мен сақталу шарттары онлайн режимде бақыланатын болады. Өзгерістер жақын күндері күшіне енбек.
Экономикадағы Жұманғарин эффектісі: Өсім енді санмен емес, сапамен өлшенеді

