Премьердің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдегі салық реформасына жауапкершілікті өз мойнына алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, реформаның жалпы үйлестіру жұмыстары тікелей өз бақылауында, себебі үкіметте экономикалық әрі қаржылық саясатқа жауапты тұлға өзі.
Ол қоғамда айтылып жүрген «реформаның әкесі» деген бейресми атауға да қарсы емес.
«Реформа үшін кім жауап береді деген сұрақтың жауабын өткен жолғы брифингте айтқанмын. Жауапкершілікті өз мойныма аламын. Әріптестерім де өз саласы бойынша жауап береді.
Жалпы үкіметтегі экономикалық саясатқа жауапты болғандықтан, менің міндетімде. Біреу мені «салық реформасының әкесі» деп атапты. Солай-ақ болсын.
Біз бұл реформаның табысты боларына сенеміз және оның нәтижесіне күмәніміз жоқ. Бұл ма, бұл қандай да бір сынақ немесе тәжірибе емес, нақты есеп-қисапқа, әлемдік тәжірибеге негізделген жұмыс», – деді Жұманғарин.
Ол салық реформасы кәсіби мамандар мен тиісті институттардың талдауларына және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып әзірленгенін атап өтті.
Жұманғарин мысал ретінде Ресейде келесі жылдан бастап ҚҚС мөлшері 20-дан 22%-ға дейін өсетінін, сондай-ақ бұған дейін корпоративтік табыс салығы 20-дан 25%-ға көтерілгенін айтты.
«Қазақстанның ерекшелігі біз салық реформасын алдын ала жариялап, қоғаммен ашық талқылап отырмыз. Бір жылдан астам уақыт бойы бизнестің өкілдерімен, сарапшылармен пікір алмасып, диалог жүргіздік. Басқа елдерде мұндай шешімдер ешқандай қоғамдық талқысыз, қысқа мерзімде қабылданады», – деп түйіндеді министр.
Айта кетелік, бұған дейін Жұманғарин 2030 жылға жоспарланған «жақсы» өмір туралы айтқан болатын.

