Заңгер Жангелді Сүлейманов салық кодексін жетілдіру бойынша ұсыныстардың бюрократияға ұшырап, Президент тапсырмасы орындалмай отырғанын ашық айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Заңгердің айтуынша, Мемлекет басшысы салық кодексіне өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстарды тікелей әрі ашық талқылау үшін арнайы жобалық кеңсе құруды тапсырған. Әлгі міндет вице-премьер әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелген еді.
Алайда министрлік заңгердің 5 бірдей нақты ұсынысын талқылаудың орнына, бұрынғы ескі сүрлеумен Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеп жіберген.

«Президент Тоқаев Жұманғаринге нақты тапсырма берді. Ұсыныстар арнайы құрылған жобалық кеңседе қаралуы керек еді.
Мен кеше Ұлттық экономика министрлігіне бес бірдей мазмұнды ұсыныс жолдадым. Министрлік бұларды стандартты бюрократиялық тізбекпен Мемлекеттік кірістер комитетіне бағыттап жіберген.
Бұл ма, бұл нағыз көзбояушылық және Ақорданың бұйрығына жүрдім-бардым қарау», – дейді Жангелді Сүлейманов.
Заңгер сөзінің дәлелі ретінде өзіне берілген ресми жауаптың скриндерін де жариялаған. Сүлеймановтың пайымдауынша, осындай формалды әрекеттер жобалық кеңсенің қадірін кетіріп, маңызды ұсыныстарды шенеуніктердің бір-біріне ысырып қоюына әкеліп отыр.
Айта кетелік, бұған дейін Мемлекет басшысы Салық кодексіне қоғамның пікірін ескере отырып, қажетті өзгеріс енгізуді тапсырған.
«Салық кодексі Құран сөзі емес. Оған өзгеріс енгізуге әбден болады. Халықтың сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеу керек», – деген еді Президент. Жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

