Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында 2026–2035 жылдарға арналған Қазақстан экономикасының даму болжамын таныстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Министр үш түрлі сценарий ұсынды: базалық, ұстамды және баламалы. Оның ішінде баламалы нұсқадағы экономиканың орташа жылдық өсімі 5,1%, ұстамды нұсқада 4,3%, ал базалық сценарийде 4,5%-ды құрайды деп күтілуде.
«Алдағы он жылда жалпы ішкі өнім көлемі 473,2 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Мемлекеттік бюджетке түсетін кіріс 2035 жылы 66,8 трлн теңгеге дейін жетеді», – деді министр.
Болжам бойынша, 2029 жылдан бастап Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт 2 трлн теңгеге дейін төмендейді. Ал бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен қысқартып, 2029 жылы ЖІӨ-нің 0,4%-ына дейін азайту көзделіп отыр. 2030 жылдан бастап республикалық бюджет толықтай тапшылықсыз қалыпқа көшеді.
Министр ұсынған құжатта алдағы үш жылда мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру көлемі де көрсетілген. 2026 жылы мемлекеттік және жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат 37,4 трлн теңге, 2027 жылы 39,6 трлн, 2028 жылы 41,6 трлн теңгені құрайды.
«Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2026 жылғы 60,8 млрд доллардан 2035 жылы 109,9 млрд долларға дейін ұлғаяды», – деп толықтырды Жұманғарин.
Айта кету керек, бұған дейін Ұлттық банктің сауалнамасына қатысқан сарапшылар Brent маркалы мұнай бағасының алдағы уақытта көтерілетінін болжаған еді. Олардың бағалауынша, 2025 жылы Brent-тің бір баррелі орташа есеппен 69,5 доллар болады.
Сондай-ақ, сарапшылар Қазақстан экономикасының 2026 жылғы өсу қарқыны бойынша болжамды 4,6-дан 4,7%-ға дейін жоғарылатты.