Бүгін CLAAS ауыл шаруашылығы техникасы кәсіпорнында дуалды оқыту бойынша оқу орталығы ашылды,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Бұл жоба Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ерекше маңызға ие. СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен CLAAS компаниясының Шығыс аймағы бойынша аға вице-президенті Михаэль Риттер бастаған Германиядан келген делегация оқу орталығының мүмкіндіктерімен танысты.
Кәсіпорын мен «Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіби педагогикалық колледжі» дуалды білім беру туралы келісімге қол қойды. Бағдарлама студенттерге заманауи ауыл шаруашылығы технологиялары бойынша тәжірибелік дағдыларды меңгеруге бірегей мүмкіндік береді. Ол 60/40 принципі бойынша құрылып, студенттер көп уақытын практикада өткізеді.
«Қаңтарда колледждің алғашқы 8 студенті зауыт аумағында арнайы жабдықталған оқу сыныбында практикалық сабақтарын бастады. Осылайша, кәсіпорын заманауи техниканы меңгерген болашақ мамандарды белсенді түрде дайындауда. Оқу 3 жылға созылады, оның аяқталуы бойынша түлектер CLAAS зауытында жұмысқа орналасады», — деп атап өтті өңір басшысы.
Сонымен қатар, зауыттағы өндірістің жаңғыртылуы тексерілді. Былтыр кәсіпорында 350 бірлік техника шығарылды, оның ішінде CLAAS Xerion тракторлары, CLAAS Trion комбайндары, HORSCH Sprinter егіс кешендері мен CLAAS жаткалары бар. Биыл зауыт өндіріс көлемін ұлғайтып, 528 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды жоспарлап отыр.