Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов әлеуметтік нысандар салуға жұмсалып жатқан қайтарылған активтер қайта ұрланса, Қазақстан «күлкіге қалатынын мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Бұл туралы Антикор өкілі Мәжіліс дәлізінде айтты.
«Өте жақсы сұрақ, шынымен де өзекті мәселе. Ертең қайтарылған қаражатқа салынып жатқан әлеуметтік нысандар тағы да талан-таражға түспес үшін біз күлкіге қалмауымыз керек. Президент айтып отырғандай, бұл қаражат тек әлеуметтік мақсаттарға жұмсалуға тиіс. Егер тағы да ұрланса, ең алдымен, мұндай әрекеттерге барған мемлекеттік қызметшілер мен басқа да тұлғалардың моральдық тұрғыдан құны көк тиын болады», – деп жауап берді Сарқұлов.
Бұған дейін Үкімет елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмысты жалғастырып жатқаны хабарланды. Осылайша Семей қаласындағы 100 орындық медициналық-әлеуметтік мекеменің құрылысына 2,6 млрд теңге бөлді.
Бүгінде Үкімет арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар 13 нысанның құрылысына шамамен 59,4 млрд теңге бөлген.
Олардың қатарында Атырау облысындағы Жамансор, Жетісу облысының Рудничный және Көксай, Ұлытау облысындағы Мыңадыр және Қаражал ауылдарындағы мектептер, Түркістан облысы Темірлан ауылындағы музыкалық мектеп, Ақмола және Алматы облыстарындағы Зеренді және Жалағаш ауылдарындағы спорт кешендері, Риддердегі көпсалалы аурухана кешені, Шымкенттегі жатақхана, Ақтөбе мен Петропавлдағы 2 балабақша бар.