Қазақстанда Отбасының цифрлық картасын енгізу әлеуметтік қызметтерді көрсету тәсілін түбегейлі өзгертті. Жаңа жүйе арқылы азаматтарға мемлекеттік қолдау проактивті түрде ұсынылып, көптеген қызмет автоматты форматқа көшті, деп жазады Ertenmedia.kz.
2025 жылдың басынан бері әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтерді көрсету үшін 435,5 мың адамға SMS-хабарлама жіберілген. Соның ішінде 231,2 мыңнан астам азамат ешқандай өтінішсіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін пайдаланған.
Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде қалыптасады. Қазіргі таңда жүйеде еліміздің 20 миллионға жуық азаматы немесе 6,2 миллионнан астам отбасы туралы мәлімет жинақталған.
Бұл құралдың негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осы бағытта Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясатты жоспарлаудың маңызды тетігі ретінде белгіленген.
Жүйе азаматтың әлеуметтік мәртебесіне қарай қандай көмек алуға құқығы бар екенін автоматты түрде анықтап, күнделікті хабарлама арқылы ескертіп отырады.
Қазіргі уақытта осы жүйе арқылы әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың 11 түрін өтінішсіз рәсімдеуге болады. Олардың қатарында еңбекке қабілеттіліктен айырылу, жұмыссыз қалу, асыраушысынан айырылу жағдайындағы төлемдер, бала туу мен күтіміне байланысты жәрдемақылар, мүгедектігі бар азаматтарға арналған төлемдер, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек және жерлеуге арналған біржолғы төлем бар.
Сонымен қатар зейнетақы төлемдері, «қандас» мәртебесіне қатысты ақпарат және жұмыссыз азаматтарға арналған жұмыспен қамту шаралары да автоматты түрде хабарланып отырады.
Әлеуметтік қолдауға құқық анықталған жағдайда азаматқа 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Азамат келісімін растағаннан кейін барлық рәсім автоматты түрде жүргізіліп, қаражат оның банк шотына аударылады.
Мамандар алаяқтық тәуекелдерін болдырмау үшін тек 1414 нөмірінен келген хабарламаларға ғана жауап беру керектігін ескертеді. Қосымша ақпарат алу үшін азаматтар 1414 нөміріне хабарласа алады. Қоңырау шалу тегін. Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік қызметтерді қолжетімді әрі жедел ететін жаңа кезеңнің басталғанын көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







