Жыл соңында көбіне мемлекеттің қабылдаған шешімдері мен жаңа бағдарламалары жиі айтылады. Дегенмен, экономиканың шынайы келбеті қабылданған шешімдердің қалай орындалғанына байланысты екені анық, деп жазады Ertenmedia.kz.
Белгілі қаржыгер, экономист Расул Рысмамбетов 2025 жылы банк секторында байқалған үрдістерді егжей-тегжейлі талдады.
Оның пікірінше, экономиканың кей салаларын бағалау үшін мамандандырылған көзқарас қажет болса, банк секторының жағдайы бірден қаржы ағымдарынан көрінеді. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы он айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің активтері 67,8 трлн теңгеге дейін өссе, ссудалық портфель көлемі 42,1 трлн теңгеге жеткен.
«Қатаң ақша-несие саясаты жағдайында банк жүйесінің мұндай өсім көрсетуі қаржы институттарының ресурстарды экономиканың нақты секторына тиімді бағыттап отырғанын білдіреді», дейді сарапшы.
Бұған қоса, банктердің актив құрылымында несиелеу үлесі артып, орташа есеппен 62,1 пайызды құраған. Бұрын бұл көрсеткіш 55 пайыз шамасында болған. Яғни банктер бұрынғыдай қаржыны артық өтімділікке жұмсамай, қайтадан негізгі қызметі экономиканы қаржыландыруға ден қойған.
Әсіресе бөлшек нарыққа және шағын бизнеске маманданған банктердің несиелеу деңгейі 75-80 пайыздан асқан. Бұл тұтынушылық және шағын кәсіпкерлік саласынан сұраныстың жоғары екенін айғақтайды.
Шетелдік банктер бәсекені күшейтті
Нарықтағы құрылымдық өзгерістер де назар аудартады. Ірі әмбебап банктер – Halyk Bank пен Bank CenterCredit активтер құрылымында тепе-теңдікті ұстанса, цифрлық әрі тұтынушылық модельге бағытталған Kaspi Bank депозиттерді несиеге айналдыруда тиімді үлгі көрсетіп отыр. Сарапшының пікірінше, мұндай әртүрлі модельдердің болуы банк жүйесінің жалпы тұрақтылығын күшейтіп, тәуекелдердің бір орталыққа жиналуын болдырмайды.
Расул Рысмамбетов банк саласындағы маңызды өзгеріс ретінде шетелдік және нишалық банктердің белсенділігін де атап өтті. Олардың несие көлемі ірі банктермен салыстырғанда шағындау болғанымен, тұрақты түрде өсуі байқалады.
Мұндай қаржы ұйымдары сауда қаржыландыруын дамытып, балама қаржы құралдарын енгізе отырып, жалпы нарықтағы бәсекелестікті арттырып келеді. Бірқатар банктер Қытай және Түркия нарығына бағытталған арнайы өнімдер шығарып, сыртқы экономикалық операцияларға қатысатын бизнеске қолдау көрсетуде.
– Жалпы Қазақстанның банк секторы 2026 жылға жоғары капиталдандырылған, әртараптанған әрі институционалды тұрғыда нығайған күйде қадам басып отыр. Ал инфляцияның тұрақталуы мен пайыздық мөлшерлемелердің қалыпқа түсуі инвестиция көлемін кеңейтуге, кәсіпкерлікті қолдауға және ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етуге жақсы мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасының нақты қарқыны ең алдымен қаржы саласынан сезіледі, – дейді Расул Рысмамбетов.
Айта кетейік, бұған дейін Расул Рысмамбетов Орталық Азия елдерінің экономикасына берген бағасында: «Қазақстанда жүйелілік пен ашықтық басым болса, Өзбекстан реформаларды белсенді жүргізіп отыр. Қырғызстанда динамика байқалса, Тәжікстанда ресурстарды шоғырландыруға мән берілуде», – деген болатын.
Бұған дейін Расул Рысмамбетов сайтымызда Орталық Азия елдерінің экономикасына баға беріп, «Қазақстанда жүйелілік пен ашықтық, Өзбекстанда реформалылық, Қырғызстанда динамика, Тәжікстанда ресурстық концентрацияға мән беруде» деп бағасын берген болатын.

