Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жайылым тапшылығын шешуге уәде беріп, тұрғындарды малды бей-берекет жаю мәселесін тәртіпке келтіруге шақырды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Нұра ауданында болған атышулы оқиғаға байланысты пікір білдірген әкім жайылым мәселесіне ерекше тоқталды. Еске сала кетсек, 9 қазан күні егістік алқабына кіріп кеткен бір үйір жылқыны мылтықпен атқан шаруа 14 жылқыны жусатып салған еді.
«Малға оқу ату еш ақтауға келмейтін әрекет. Әлбетте, дұрыс емес. Жылқылар шаруаның егістік алқабына түсіп кеткен екен. Ашу үстінде жасалған болып тұр. Алайда мұның басқа амалын табуға болатын еді», – деді әкім.
Бөлекпаев оқиғаның астарында ауыл-аймақтағы жайылым тапшылығы жатқанын мойындады.
«Әсіресе, Бұқар жырау сияқты Қарағандының бүйіріндегі аудандарда осы мәселе өте-мөте күрделі. Қаланың жақындығынан жайылым жері жетпейді. Шаруалардың малын бейберекет жаюы әкімшілік тұрғыда реттелетін болады. Халықпен де түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Әр адам өз малына жауапты болуы тиіс немесе ауылдық жерлерде бірнеше үй бірігіп, малды арнайы белгіленген аумаққа баққаны дұрыс», – деді ол.
Облыс әкімі барлық ауылдық округ басшыларымен арнайы жиналыс өткізгенін жеткізді. Енді жайылым тапшылығын шешудің нақты жоспары әзірленбек.
Айта кетейік, Нұра ауданындағы қайғылы оқиғадан кейін көршілері фермерді жақтап шыққан еді. Олардың айтуынша, жайылым жетпегендіктен мал егістік алқаптарын таптап, адал табыс тауып отырған кәсіпкерлерге үлкен шығын келтіруде.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

