Жетісу облысында ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту ісімен айналысатын әзірге Иппотерапия орталығы бар, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жалпы өңірде балаларды оңалту ісімен 9 мекеме айналысады. Мұнда жыл сайын 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 800-ге жуық бала сауықтыру шараларынан өтеді.
Аталған Иппотерапия орталығы Панфилов ауданы Жаркент қаласындағы облыс әкімінің бұрынғы резиденциясы негізінде ашылған «Мерей» балаларды оңалту орталығында орналасқан. Бұл ғимарат арнайы жөндеуден өтіп, қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.
Қазіргі таңда орталықта 55 маман жұмыс істейді, олар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға сегіз түрлі бағыт бойынша оңалту шараларын жүргізеді. Бүгінгі күні орталықта 40 бала сауықтыру емінен өтуде. Олар үшін мұнда бассейн, физиотерапия кабинеті, емдік дене шынықтыру, массаж және гидромассаж кабинеттері, тұз шахтасы, еңбек терапиясы кабинеті секілді қажетті қызмет түрлері қарастырылған. Сонымен қатар, балаларды тасымалдауға арналған арнайы автобус та бар.

– Біздің орталықта қазір 40 бала ем қабылдап жатса, соның 33-і иппотерапия сабақтарына қатысады. Соңғы бір жылдың ішінде 7 баланың денсаулығында айтарлықтай оң өзгерістер байқалды. Атап айтсақ, үш баланың психоэмоциялық жағдайы тұрақталса, төрт баланың тірек-қимыл аппаратының қызметі жақсарды. Жалпы, жылқы малының балаларға беретін оң энергиясы өте көп. Балалармен арнайы оқудан өткен екі жаттықтырушы айналысады. Дәрігердің ұсынысы бойынша сабақтар аптасына 2-3 рет, 400 шаршы метрлік арнайы жабық манежде өтеді.
Иппотерапия баланың аяғына тұруына, жүруін жақсартуға, арқа бұлшық еттерін нығайтуға, вестибулярлық аппаратын дамытуға көмектесетін өте пайдалы әдіс. Бұдан бөлек, жалпы ағза денсаулығын нығайтып, баланың дамуына оң ықпал етеді, – дейді «Мерей» балаларды оңалту орталығы директорының орынбасары Ардақ Бақытқызы.
Жетісу өңірінде ерекше балаларға бағытталған осындай оңалту шараларының нәтижесі – олардың қоғамға бейімделіп, денсаулықтарын жақсартуына және сапалы өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Айтпақшы, Жетісу облысы жалпы өңірлік өнім көлемінің өсімі бойынша республикада үздік болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

