Шымкентке алдағы бес жылда 6,6 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отырғанын бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Соңғы үш жылдың өзінде шаһар экономикасына 2 трлн теңгеден астам қаражат құйылған. Соның 75 пайызы жеке инвесторлардың қаржысы. Орташа жылдық өсім 11 пайыз. Яғни, Шымкентке бизнес тарапынан тұрақты сұраныс бар, инвестор үшін тәуекелі түсінікті, болжамы жаман емес аймаққа айналып келеді , деп жазады Ertenmedia.kz.
– Инвестициялар қаланың экономикалық дербестігін айқындайтын негізгі күш. Біз бизнес үшін ашық әрі тұрақты орта қалыптастырып келеміз. Соның нәтижесінде тартылған қаражаттың 75 пайызы жеке инвесторларға тиесілі. Бұл Шымкенттің нарық үшін сенімді өңірге айналғанын көрсетеді. Қазірдің өзінде жалпы құны 4,6 трлн теңгені құрайтын 221 инвестициялық жобалар пулы қалыптасты. Осы жобалар аясында 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады, – деді Ғабит Сыздықбеков.
Жобалардың ішінде агроөнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, жаңа технология, химия және құрылыс материалдары салалары бар. Ірі жобалардың бірі «Alsera KZ» компаниясының жылыжай кешені.
Компания 650 гектар аумақта заманауи жылыжай кешенін салып жатыр. Жобаның жалпы құны 322 млрд теңге. Соның алғашқы кезеңі жуырда аяқталып, 98 млрд теңгелік бөлігі игерілген. 42 гектар жылыжайдан алғашқы өнім алынғаны айтылды. Бұл ішкі нарықты көкөніспен тұрақты жабуға, экспортты да қарастыруға мүмкіндік беретін өндіріс.
Тағы бір жоба поляк инвесторының қатысуымен іске асып жатқан кешен. «Fabe Agro» компаниясына 144 гектар жер берілген. Жоба құны 68 млрд теңге. Мұнда да жоғары технологиялы жылыжай салу жоспарланған. Жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өндіру көзделіп отыр. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 800-ден астам адамға жұмыс беріледі. Яғни жылыжай жобалары тек аграрлық өнім ғана емес, тұрақты жалақысы бар жұмыс орны деген сөз.
Өндіріс саласында да ірі инвесторлармен келісімдер жасалып жатыр. Түркияның «YDA Group» компаниясымен жалпы құны 313 млрд теңге болатын өнеркәсіптік технологиялық материалдар шығаратын өндіріс ашу жоспарда.
Бұл құрылыс, инфрақұрылым, өнеркәсіп нысандарына қажет материалдарды ел ішінде өндіруге көмектесетін жоба. Ал отандық «INTERTRANS» компаниясымен мұнай өнімдерінен порошок түріндегі полипропилен өндіретін зауыт салу келісілген. Жобаның құны 80 млрд теңге. Полипропилен химия, құрылыс, тұрмыстық тауарлар өндірісінде кең қолданылатын маңызды шикізат.
Инвестиция көлемін 6,6 трлн теңгеге жеткізу жоспары қағаз жүзіндегі мақсат болып қалмауы үшін қалада индустриялық аймақтар, инфрақұрылымы дайын алаңдар, жол, электр, су, газ сияқты базалық жағдайлар бірге қарастырылуда.
Инвестор үшін ең маңызды фактордың бірі жобаны іске қосқанға дейінгі бюрократиялық кедергілердің аз болуы және ресурстарға қолжетімділік. Брифингте Шымкент осы талаптарға жауап беруге тырысып жатқаны айтылды.
Бизнес үшін екінші маңызды мәселе нарық. Шымкентте халық саны өсіп жатыр, ішкі тұтыну да жоғары. Бұл қызмет көрсету, сауда, азық-түлік, құрылыс, тұрмыстық тауарлар үшін тұрақты сұраныс бар деген сөз. Инвестор үшін мұндай база да шешуші рөл ойнайды. Сондықтан жылыжай, полипропилен, өндірістік материалдар сияқты жобалар тек экспорт үшін емес, ішкі нарыққа да жұмыс істей алады.
Жалпы алғанда, жарияланған 6,6 трлн теңгелік жоспар – тек әдемі цифр емес, қазірдің өзінде келісімі жасалған, бір бөлігі басталып кеткен 221 жобаға сүйенген болжам.
Егер осы жобалар толық іске асса, 29 мыңнан астам адамға жаңа жұмыс орны ашылады, қала бюджетіне түсетін салық көбейеді, әлеуметтік жүктемені көтеруге де мүмкіндік кеңейеді. Ең бастысы – Шымкент өз экономикасын тек сауда мен қызмет көрсетуге емес, нақты өндіріс пен агроөнеркәсіпке сүйейтін деңгейге жеткізуге ұмтылып отыр.

