Астана соты бағдаршамның тыйым салу сигналына қарамастан, 133 км/сағ жылдамдықпен жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп, жол ережесін өрескел бұзған Porsche жүргізушісінің ісін қарады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқиға 2026 жылғы 2 сәуір күні сағат 12:47-де Әл-Фараби көшесінде болған. Сот материалдарына сәйкес, жүргізушінің әрекеті айналасына агрессивті әрі қауіп тудыратындай сипат алған.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, инспектордың рапорты, жүргізушінің өз түсініктемесі және «Сергек» жүйесіндегі бейнежазба айыпталушының кінәсін толық дәлелдейді», – деді сот өкілдері.
Жүргізуші кінәсін мойындап, асыққандықтан әрі жол бос деп ойлағандықтан осындай әрекетке барғанын айтып ақталған.
Дегенмен сот оның жыл басынан бері жылдамдықты асыру бойынша 59 мәрте жауапкершілікке тартылғанын ескеріп, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы үкім шығарды.
Еске салсақ, бұған дейін 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында Zeekr мен Mercedes автокөліктері соқтығысып, үш адам қаза тапқан еді. Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, тергеу барысын президенттің жеке бақылауына алғаны хабарланған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







