Қазақстанда стоматологиялық клиникаларға жаппай тексеріс басталды. Бұған балалардың бірнеше тісін бірден емдеп, жалпы наркоз қолдануға байланысты ата-аналардың арыз-шағымы себеп болған, деп жазады Ertenmedia.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, елімізде Бас прокуратураның талабы бойынша 622 стоматологиялық мекемеге тексеру жүргізіліп жатыр.
Министрдің дерегіне сәйкес, бүгінге дейін 290 мекеме сүзгіден өткен. Оның ішінде 135-і аяқталған, 103-і әлі жалғасуда. 52 клиниканың жұмыс істемейтіні анықталып, тексеруден алынған. Тағы 26 мекеме тексеруге енді алынбақ.
Өңірлердегі прокуратура органдары жіберген 316 мекеменің 34-і мемлекеттік тапсырыс аясында (МӘМС, ТМККК), ал қалған 282-сі тек ақылы негізде жұмыс істейді.
Министрдің айтуынша, балаларға жалпы наркоз қолдану өте күрделі медициналық манипуляция. Ол міндетті түрде білікті анестезиолог маманның қатысуымен, арнайы жабдықталған орында және бекітілген анестезиологиялық-реанимациялық стандарттар сақтала отырып жүргізілуі тиіс.
«Балаларға жалпы наркозды қолдану қарапайым әрі ыңғайлы әдіс емес, керісінше, ерекше мұқият болуды талап ететін күрделі медициналық процедура.
Ұзаққа созылатын наркоз баланың жүрек-қан тамыры, тыныс алу және жүйке жүйесіне ауыр жүктеме түсіреді. Өкінішке қарай, кейбір стоматология ата-аналарға коммерциялық тұрғыда ыңғайлы «барлық тісті бір уақытта емдеу» қызметін ұсынып отыр.
Алайда мұндай ем-дом тек нақты медициналық көрсеткіштер негізінде ғана жүргізілуі керек. Сондықтан ата-аналарды аса мұқият болуға шақырамын», – деді Ақмарал Әлназарова.
Айта кетелік, осыған дейін Астанадағы Dental Park Ortho клиникасында қайғылы жағдай болды. Дәрігерлер 18 тісін бірден емдеу үшін 2021 жылы туған кішкентай қызға ұзақтығы 4 сағаттан асатын наркоз берген. Алайда наркоздан ояту кезінде баланың жүрегі кенет тоқтап қалған.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
18 тіске берілген төрт сағаттық наркоз: стоматологиядағы қайғылы оқиғаның құны

