Путин үшін жан қиып жатқан қазақстандықтарға қатысты дипломатиялық тілден тыс мәлімдеме жасаған Айбек Смадияров Сыртқы істерден кетті, деп жазады Ertenmedia.
Еске сала кетсек, дипломат 2018 жылдан бері министрліктің ресми өкілі ретінде қоғам мен БАҚ алдындағы өзекті сұрақтарға жауап беріп келген-ді.
Жақында ғана украиналық «Хочу жить» сайты Ресей әскерінің қатарында соғысып жүрген, қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалған 500-ден аса қазақстандықтың тізімін жариялаған. Осыған орай журналистер Айбек Смадияровтан Сыртқы істер министрлігінің ұстанымын сұраған еді.
«Қазақстанның бұған (соғысқа) еш қатысы жоқ екенін бірінші күннен айтып келеміз. Бұл біздің соғыс емес.
Әр азамат өзінің іс-әрекетіне жеке жауапты. Мемлекет шетелдегі әрбір азаматтың соңынан барып, қолынан жетектеп жүре алмайды.
Ал егер азамат шетелде қиын жағдайға тап болып, көмек сұраса, дип.қызмет барынша қолдау көрсетуге дайын», – деп қадап айтқан болатын Айбек Смадияров.
Дипломаттың сөзінше, өзге елдің қарулы қақтығысына араласу ел заңына сәйкес қылмыс. Биылдың өзінде Украинадағы соғысқа тарту мақсатында жарияланған ондаған жарнама бұғатталған.
Қызметтен кететінін хабарлаған Айбек Смадияров шешімнің кенеттен қабылданбағанын айтты. Дипломат Сыртқы істер министрлігі жүйесінде 2006 жылдан бері қызмет атқарып келді. 2018 жылдан бастап ведомствоның баспасөз қызметін басқарған болатын.
«Хочу жить жобасының мәліметінше 2025 жылдың алғашқы 6 айының өзінде Кремль Украинаның топырағын тыңайту үшін Қазақстанның кемінде 529 азаматымен контрактіге отырған.
«Жалданғандардың көпшілігі 2 мың доллардың айналасындағы ақшалай сыйақыға алданып, Ресейдің империялық амбициясы үшін жат жерде жан тапсыруда. Путин? Оған екі қойың, бір сом. Мәскеу қаза тапқан басқыншылардың орнын Орта Азияның тұрғындарымен толтырып, әбден дәнігіп алды», — деген еді жоба зерттеушілері.
Айтуынша, Ресей генералдары майдан даласындағы қазақстандықтарды «тірі қалқан» ретінде пайдаланып, санаулы күндердің ішінде құрбан етуде.
Ertenmedia Ресей әскерінің қатарында соғысып жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін шолып шақты. Кремльмен контрактіге отырған Базарбай, Жансерік, Өркен дейтін азаматтарды көзіміз шалып қалды. Көпшілігі сол кеткеннен мол кеткен…
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Әбішұлының әрктикалық амбициясы: Назарбаев, Ким және Чукоткадағы «алтын мыс»

