Қазақстанда 2027 жылдан бастап жекелеген мемлекеттік жәрдемақылар азаматтардың нақты тұрмыс жағдайын ескере отырып тағайындала бастайды. Жаңа жүйеге сәйкес, материалдық жағдайы жақсы отбасыларға кейбір төлемдер берілмейді, ал мемлекеттік қолдау ең алдымен көмекке зәру топтарға бағытталады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Халықаралық рейтингтер: Қазақстан өңірде көш бастап тұр
Әлеуметтік қорғаумен қамту ауқымы жағынан Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында жетекші орында тұр. Халықаралық еңбек ұйымының соңғы дерегі бойынша елімізде халықты әлеуметтік қорғау жүйесімен қамту көрсеткіші 94,3 пайызды құрайды. Көршілес елдерде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен:
Өзбекстанда – 56%;
Қырғызстанда – 42,9%;
Түрікменстанда – 42,7%;
Тәжікстанда – 34,1%.
Аталған сандар барлық тұрғын жәрдемақы алады дегенді білдірмейді, тек ақшалай төлем алатындар мен сақтандыру жүйесіне жарна төлеп отырғандардың ортақ үлесін көрсетеді.
Сонымен қатар БҰҰ Даму бағдарламасы әзірлейтін адам дамуы индексі бойынша да еліміз өңірде көш бастап келеді (0,837). Әлемдегі 193 мемлекеттің ішінде 60-орынға тұрақтаған Қазақстан – Орталық Азияда адами даму деңгейі «өте жоғары» санатқа енетін жалғыз ел.

Атаулы көмек кімге жетеді?
Дүниежүзілік банктің зерттеуіне сүйенсек, елімізде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатындар мен олардың отбасы мүшелерінің 82,5 пайызы табысы ең төменгі 20 пайыздық топтың қатарына кіреді. Демек, бөлінген қаржы негізінен нақты аз қамтылған жандарға жетіп отыр.
Ал 2027 жылдан басталатын жаңа ережелер тек атаулы көмекпен шектелмей, жәрдемақының өзге де түрлерін қамтып, мемлекет қаржысын барынша мақсатты жұмсауды көздейді. Бюджет қаражаты шектеулі болғандықтан, көмек тағайындауда мұқтаждықты басты орынға қою әлемдік тәжірибеге сай келеді.
Реформа тиімді жұмыс істеуі үшін не қажет?
Жаңа жүйенің ашық әрі әділ жұмыс істеуі үшін мамандар бірнеше маңызды бағытты ескеру қажеттігін алға тартады:
Шынайы әрі нақты деректер: Отбасының баспанасы немесе көлігі бар болғанына қарап қана шешім шығаруға болмайды. Ортақ табысқа қанша адам қарап отырғанын, емделуге кететін шығындарды және үйде күтімге мұқтаж науқастың бар-жоғын ескеру шарт. Деректер базасы үнемі жаңартылып отыруы тиіс.
Ақпараттық ашықтық: Әрбір азамат өзіне қандай төлемнің тиесілі екенін, жаңа ережелердің қалай жұмыс істейтінін және шешімнің қандай негізде қабылданғанын алдын ала білуі қажет.
Қатені түзету мүмкіндігі: Цифрлық базалардың техникалық қателіктерінен бірде-бір мұқтаж отбасы шет қалмауы керек. Тұрғындар үшін шешімді тез әрі бюрократиясыз қайта қарататын жеңілдетілген шағымдану тетігі қарастырылуы тиіс.
Жаңа өзгерістердің нәтижесінде ауқатты топтарға берілмей үнемделген бюджет қаражаты шынайы мұқтаж азаматтарға көрсетілетін төлем көлемін ұлғайтуға бағытталуы керек. Осы тетіктер дұрыс іске асқанда ғана елде кедейлік деңгейін төмендетіп, әлеуметтік қолдаудың нақты қайтарымын көруге болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







