Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Тяньцзинь қаласына барып, онда жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне және «ШЫҰ плюс» отырысына қатысуды.
Президенттік пулдағы журналистің айтуынша, Қытай төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше ықылас танытқан.
– Қытайда Си Цзиньпин келген 22 көшбасшының ішінен тек үшеуін жеке қабылдады. Құрметті қонақтар қатарында – Қасым-Жомарт Тоқаев (сондай-ақ Ресей мен Үндістан басшылары). Кешкі ас дербес, сенімді әрі достық жағдайда өтті, шамамен екі сағатқа созылды. Әңгіме үстінде «менің қымбатты досым» деген сөз бірнеше рет айтылды, ал әрбір қимыл-қозғалыстан қазақ делегациясына деген ерекше ықылас сезілді. Мұндай қарым-қатынас қазіргі қазақ-қытай байланыстарының дипломатиялық этикет шеңберінен әлдеқашан асып түскенін айқын көрсетеді, – деп жазды Әділ Балтабаев.
Еске салсақ, маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан көрші Қытайдың тұлғасынан мәңгілік әрі сенімді стратегиялық серіктес, нағыз дос тапты» деп атап өткен болатын. Сондай-ақ, «Орталық Азия мен Қытай арасындағы қатынастар мәңгілік, «барлық ауа райына төтеп беретін» және жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне шықты» деген еді.
Бұған дейін Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында профессор Сюэ Фуци Қасым-Жомарт Тоқаевты Қытай қоғамы мен сарапшылық қауымы үшін мол тәжірибесі бар тұлға деп сипаттап, ал қытай тілін жетік білуі Қазақстан Президентіне Си Цзиньпинмен өте жақын әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретінін айтқан болатын.