Қазақстандағы қымбатшылық халық арасында жиі талқыланатын өзекті мәселелердің бірі. Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев бұл жағдайдың туындауына соңғы он жылда жүргізілген экономикалық саясаттың ықпал еткенін айтады,- деп хабарлайды Ertenmedia
«Жұрт «экономика өсіп жатыр» дегенге сенбейді, себебі күнделікті өмірде бәрі қымбаттап барады», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстан ұзақ жылдар бойы бағаны әкімшілік жолмен шектеуге тырысты. Бұл нарыққа кері әсер етіп, жасанды дефициттің пайда болуына әкелді.
«Саудагерлер болашағына сенбегендіктен, тауарды тезірек әрі қымбатырақ сатуға ұмтылды. Сол себепті қазір баға тұрақтамай отыр», – дейді Олжаев.
Сарапшы коммуналдық тарифтердің өсуіне де тоқталды. Оның пікірінше, 2018 жылы басталған «тариф – инвестицияға» жобасы дұрыс іске аспағандықтан, бүгінде тозған инженерлік жүйелерді шұғыл жаңарту қажет болып отыр.
«Тарифті көтермесек, ертең су да, жарық та болмайды. Таңдау жоқ: не дым жоқ, не қымбат болса да бар», – деп түсіндірді сарапшы.
Азық-түлік бағасына келсек, Қазақстан өзін толық қамтамасыз ете алмайды. Жыл сайын елге 4 млрд доллардың өнімдері импортталады, оның тең жартысы Ресейден келеді.
«Рубльдің қымбаттауы мен Ресейдегі инфляция бізге де тікелей әсер етеді. Ал ет бағасының қымбаттауына фермерлер үшін экспорттың тиімділігі себеп болып отыр», – дейді Олжаев.
Сарапшының айтуынша, алдағы бес-алты жылда коммуналдық тарифтерді қымбаттатпай қашу мүмкін емес. Бензин бағасын нарық реттеуі тиіс, ал азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін өндірісті күшейтіп, импортқа тәуелділікті азайту қажет.