Президент Тоқаев ел астанасындағы Оқушылар сарайында орналасқан №51 учаскеде жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумда дауыс берді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дауыс беру рәсімінен кейін Мемлекет басшысы қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті.
«Баршаңызды бүгінгі тарихи күнмен құттықтаймын. Конституция – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін аса маңызды тарихи құжат. Жаңа Конституция еліміздің аумақтық тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін нығайтады.
1995 жылы қабылданған Конституция өз міндетін абыроймен атқарды. Еліміз сол құжат бойынша 35 жыл өмір сүрді, бірақ уақыт талабы өзгерді. Сондықтан жаңа Конституцияны қабылдау сәті туды.
Мен де оның дайындалуына белсене қатысып, Конституция преамбуласының және басқа да бірқатар нормаларының тұжырымдамаларын жеке ұсындым. Жаңа Негізгі заң еліміздің болашағына қызмет етеді деп сенемін», – деді Президент.
Брифинг барысында Мемлекет басшысы журналистердің Конституциялық реформаның мақсаты мен міндеттері және халықаралық күн тәртібіне қатысты сауалдарына жауап берді.
Айта кетелік, бұған дейін Тоқаев жаңа Ата заңдағы мемлекеттік мүдде туралы маңызды мәлімдеме жасаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







