Бүгін Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысы өтті. ErtenMedia.kz алқа отырысында талқыланған өзекті мәселелерге шолу жасады.
«Дайындық төмен, нәтиже нашар»
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев дайындық төмен болғанын айтты. Министрдің сөзінше, жекелеген спорт түрлері бойынша нәтижені жақсарту керек.
«Біз үшін дәстүрлі саналатын спорт түрлері бар. Солардан дайындық төмен, нәтиже нашар болып шықты. Былтыр Ханчжоуда Азия ойындары өтті. Азиадаға қатысқан спортшылардың 80 пайызы биыл Парижге барды. Ал Ханчжоудан ұлттық құраманың қандай нәтижемен келгені бәрімізге белгілі. Тарихтағы ең нашар Азиада болды. Соған қарамастан аз уақыт қалса да, жағдай жасадық. Бірақ Париждегі нәтижені өздеріңіз біліп отырсыздар», — деді ол.
«Алтын уәде бергенсіздер»
Маржықпаев Олимпиадада өнер көрсеткен бокстан ерлер құрамасына қатысты да пікір білдірді.
«Бокстан ерлер құрамасы барлық салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Қабылданған міндеттемелерге сәйкес олар 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль алуға уәде берді. Шын мәнінде, команда тек 1 күміс алды. Екінші ойын қатарынан спортшылар бірде-бір алтын медаль ала алмады. …Бокстан ұлттық құрама бұл Олимпиадада жақсы нәтиже көрсеткен жоқ», — деді ол.
Ермек Маржықпаев еркін күрес командасы қола медаль алуға уәде бергенін айтты. Алайда спортшылар ширек финалға өте алмай, бірінші айналымнан шығып қалды.
«Бізге сабақ алу керек»
«Алда Лос-Анджелес Олимпиадасы күтіп тұр. Маңызды додаға қазірден дайындалу керек. Министрлік, федерациялар, бапкерлер, әкімдіктер, Ұлттық Олимпиада комитеті Париждегі жағдайдан сабақ шығарып, сапалы жұмыс жүргізуі қажет. Бұл – бәрімізге ортақ міндет», — деп қорытындылады алқа отырысын министр.