Украина президенті Владимир Зеленский Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесу барысында Әзербайжан авиакомпаниясының апатына байланысты көңіл айтты. Бұл туралы Украина басшысы әлеуметтік желілерде жазған. Ақпарат әзербайжандық Minval басылымында жарық көрді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Зеленский трагедия орнынан алынған дәлелдер бәрін көрсетіп беретінін және шындықты ашу үшін Ресейге қысым көрсетудің маңызы туралы айтқан.
Зеленскийдің айтуынша, көшбасшылар екіжақты қарым-қатынастардың болашағын, оның ішінде тауар айналымы мен энергетика саласындағы ынтымақтастықты арттыру бағыттарын талқылаған.
Украина президенті Әзербайжанның қолдауына жоғары баға беріп, көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірдген.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Оқиғадан кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауына кінәлі адамдарды жазалауды талап етіп, мәлімдеме жасады.
«Қылмыстық істің барлық материалын әзірге ашқым келмейді, алдын ала тергеу, оның нәтижелері маған баяндалды. Бірақ бұл апаттағы Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сенімді түрде айта аламын. Әділдікті, кінәлілерді жазалауды, толық ашықтықты және адамгершілікті талап етеміз», — делінген Әзербайжан президентінің мәлімдемесінде.