Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, іздеуде болған Тимур Сәдуақасовты Қазақстан аумағына жеткізді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Тимур Сәдуақасов аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны және лауазымды тұлғаларға пара беруге итермелегені үшін күдікке ілінген.
2023 жылғы шілдеде Т.Х. Сәдуақасов пен адвокат С.Н. Құрманбаев қызметтік байланыстарын пайдаланып, В.И. Долгалевтің іскерлік серіктестеріне қатысты соталды тергеу бастау мәселесін шешуді ұсынған. Бұл мәселені шешу үшін Т.Х. Сәдуақасов пен С.Н. Құрманбаевқа заңсыз сыйақы ретінде 225 млн теңге беру жөнінде келісім жасалған. Алайда күдіктілер параның алғашқы бөлігі, яғни 90 млн теңгені алғаннан кейін бұл қаражатты өз пайдасына жаратқан және өз міндетін орындамаған.
Кейін Т.Х. Сәдуақасов қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қауіптеніп, соттан жасырынған.
«Ол мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, Өзбекстан Республикасының Шекара қызметі тарапынан ұсталды. Оған шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық іс қозғалған. Ол 2025 жылғы 25 ақпанда Түркістан облысындағы «Қапланбек» шекара бақылау-өткізу пунктінде Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлеріне тапсырылып, кейін Шымкент қаласындағы тергеу изоляторына қамалды», — деп жазылған хабарламада.
Жақын арада ол Павлодар қаласындағы тергеу изоляторына жеткізіледі. Бұл іс Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қарастырылады.
Айта кетейік, Тимур Сәдуақасов 2019 жылы 18 ақпанда Ақтау әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Бұған дейін ол Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары қызметін де атқарған.