WhatsApp-та 25 жастан бастап 65-тен асқандарға дейін мемлекеттік жәрдемақы тағайындалуға тиіс деген хабарлама тарап жүр. Оны алу үшін сауалнамадан өту керек екен. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, — деп хабарлайды ErtenMedia stopfake.kz-ке сілтеп.
Қазақстан Республикасының ресми сайттарында жаңа жәрдемақы туралы хабарланған жоқ.

Мұндай ақпарат Үкіметтің сайтында да, Президенттің порталында да жоқ. Елдің бірде-бір департаменті немесе комитеті жаңа бағдарлама туралы мәлімдеме жасаған жоқ.
«Мемлекеттен төленетін төлемдер туралы ақпарат басқа порталдарда жарияланбайтынын естен шығармаған жөн. Жеке деректеріңізді желідегі белгісіз ресурстарда жазуға болмайды. Төлемдер туралы мұндай фейк ақпарат интернетте жыл сайын жарияланады», — деп жазылған ақпаратта.
Айта кетейік, былтыр қазақстандықтарға әлеуметтік қордан төлемдер төленетіні туралы ақпарат тараған еді. Ол да жалған болып шықты.