Адам саудасы заңсыздықтың ең шеткі шекарасында жүріп, адамның құқығын тауарға айналдыратын, жанды заттай сата салатын, ең сорақы қылмыстардың бірі. Ең ауыры – бұл қылмыс жайлы халық аз біледі. Себебі бұл – латентті қылмыс, яғни жасырын сипатты, көп жағдайда ашылуы да өте қиын.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, адам саудасына қатысты 116 қылмыстық іс тіркелген. Былтырғы осындай кезеңде – 112. Яғни көрсеткіш бір қалыпта тұр десек болады. Сарапшылардың айтуынша, нақты көрсеткіш бұдан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін.
Тіркелген 116 істің 54-і – «Жезөкшелікпен айналысуға арналған притон ұйымдастыру және жеңгетайлық» бабы бойынша. Бұл – қылмыстық кодекстегі тек техникалық бап. Оның астында – жыныстық құлдыққа түскен ондаған, жүздеген әйел мен қыздың тағдыры жатыр. Олардың кейбірі – өз еркімен келгендей көрінуі мүмкін. Бірақ көбіне бұл – психологиялық қысым, әлеуметтік осалдық, қаржылық тығырықтың салдары. «Сенде таңдау жоқ» деген сеніммен өмір сүретіндер көп.
Тағы 20 іс – заңсыз бостандығынан айыру, 18 іс – адам ұрлау фактілері. Бұл да жай ғана статистика емес. Бұл – біреудің өмірі қараңғылыққа кеткенін білдіреді. Бұл – адам тағдырының қол-аяқсыз қалуымен тең жағдай. Ең сорақысы – 12 іс тікелей адам саудасына қатысты. Оның алтауы – кәмелетке толмағандарға қатысты болып тұр.
Polisia.kz порталы таратқан деректерге қарағанда, Ішкі істер министрлігі жүргізген «STOP-трафик» акциясының аясында үш күнде 40 қылмыс анықталған.
Көбіміз «баланы сату» деген ұғымды кино көрінісі ретінде елестетсек, шындық одан әлдеқайда ащы. Бүгінгі Қазақстанда сәбилерді – кейде туған анасы, кейде үшінші тұлғалар – делдал арқылы сатуға әрекеттенеді екен. Полиция осының бәрін ашып, адам саудасына барынша тосқауыл қоюға тысырып келеді. Бұл бағыттағы жұмысқа тұтас қоғамның қатысуы маңызды. Осындай жағдайға куә болған азаматтар полицияға хабарласуы керек. Сол кезде мұндай жайсыз жайттардың алдын алуға болады.