Жаһандану жағдайында Шығыс Қазақстан облысы халықаралық әріптестікті белсенді дамытып, әлемнің түкпір-түкпірінен инвесторлар үшін тартымды алаңға айналуда. Өңір Аустрия, Беларусь, Израиль, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея және Өзбекстан сияқты елдермен ынтымақтастық туралы келісімдер мен өзара түсіністік меморандумдарына қол қойды. Әріптестік аясында экономика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм және өнеркәсіп сияқты салалар қамтылған,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін облыста инвесторлармен өзара әрекеттесу процесін жеңілдететін «бір терезе» қағидаты енгізілді. Ұлттық жобалар пулына жалпы құны 875,4 млрд теңгені құрайтын 52 инвестициялық жоба енгізілген. Олардың жетеуі шетелдік компаниялардың қатысуымен іске асырылуда. Бұл халықаралық бастамалардың жалпы құны — 346 млрд теңге, ал іске асыру мерзімі 2033 жылға дейінгі кезеңді қамтиды.
Өңірде 2024 жылы жалпы сомасы 45 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылды. Олардың қатарында түрік инвесторы Балкаш Исмаилдың қатысуымен «KAZMETALEXPORT» ЖШС жүзеге асырған түсті металл сынықтарын қайта өңдеу зауытының құрылысы да бар (1,5 млрд теңге).
Немістің «HMS Bergbau AG» компаниясының қатысуымен екі ірі жоба іске қосылуға дайындалуда. Компания 500 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салуды жоспарлап отыр. «Алатау Литий» ЖШС-мен бірлесіп литий өндіретін кен-байыту комбинаты, ал «Creada Corporation» ЖШС-мен бірге литий тотығы концентратын өндіруге арналған пегматит кендерін өңдейтін кәсіпорын салынады.
Сонымен қатар, Өскемен арматура зауытында шетелдік инвестордың қатысуымен өндірістік қуаттарды жаңғырту жобасы іске асырылып жатыр. Инвестиция көлемі – 5 миллиард теңге.
Риддер қаласында экологиялық жоба да дайындық сатысында. Лениногор ГЭС каскадына кіретін Тишин су қоймасының бір бөлігін тазарту жоспарлануда. Жоба бастамашысы — «Алтай Темір» ЖШС, ал инвесторы — Қытайдың Үрімші қаласындағы «YEMA GROUP CO. LTD» корпорациясы. Жобаға алдын ала есеппен 6,5 млрд теңге көлемінде қаражат құйылады.
Бұл бастамалар Шығыс Қазақстанның халықаралық капитал мен технологияларды тартатын орталыққа айналып, жаңа жұмыс орындары құрылып, өңір тұрғындарының әл-ауқаты артып келе жатқанын көрсетеді.