15 мамырда Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында тосын жағдай орын алды. Сотталушылар Азамат Тоқтаубаев, Нұрбол Тоқтаубаев және Дидар Қалиахметтің адвокаттары іс материалдарында заңға қайшы бірқатар кемшіліктер барын алға тартып, істі прокурорға кері қайтаруды сұрады деп жазады Ertenmedia.kz.
Адвокаттардың айтуынша, аталған азаматтарды күдікті деп тану туралы ресми қаулы шығарылмаған. Заң бойынша кез келген адамды қылмыстық іске күдікті ретінде тарту үшін арнайы шешім шығарылуы тиіс. Бірақ, қорғаушылар мұндай процессуалдық құжатты таппаған.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 202-бабына сай, адам тек ресми ұйғарым шыққан соң ғана күдікті деп саналады. Ал біз қорғап отырған азаматтарға қатысты мұндай ұйғарым жоқ, олардың мәртебесі де ресми түрде анықталмаған. Сондықтан, осы уақытқа дейін жүргізілген барлық тергеу амалдары, соның ішінде жауап алу мен айыптау әрекеттері заңсыз», – дейді адвокат Балмажанова.
Алайда мемлекеттік айыптаушы адвокаттардың бұл пікіріне келіспейді. Оның пайымынша, Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабына сәйкес, ұстау хаттамасы толтырылған сәттен бастап тұлға автоматты түрде күдікті болып саналады. Яғни, бөлек қаулы шығарудың еш қажеті жоқ.
Сотты жүргізген судья Ержан Жанұзақов мемлекеттік айыптаушылардың бұл дәйегін қолдап, адвокаттардың өтінішін кері қайтарды.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 131-бабында нақты көрсетілгендей, күдікті ретінде ұстау кезінде Азамат Тоқтаубаев, Нұрбол Тоқтаубаев және Дидар Қалиахметті ресми түрде күдікті деп тану туралы жеке қаулы шығарылуы міндетті емес», – деп атап көрсетті судья.
Еске сала кетейік, бұл іс қоғамда үлкен резонанс туғызған болатын. 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапты. Оның қазасынан кейін ел ішінде наразылық туындап, марқұмның әкесі мен жақындары әділ тергеуді талап етіп, қарсылық акциясын өткізген еді.
Көп ұзамай, 12 қазанға қараған түні Шерзат Полаттың туыстары – Нұрымовтар отбасының үйі белгісіз біреулердің қасақана өрт қоюынан түгел жанып кеткен болатын. Бас прокуратура бұл өрттің әдейі ұйымдастырылғанын растады, бірақ кінәлілер әлі күнге дейін анықталмады.
Сот отырысы кезінде екінші сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев куәлік беріп, төбелесті бірінші болып жәбірленуші тараптың өзі бастағанын айтып, барлық жауапкершілікті қарсы тарапқа ысырып отыр.
Қазіргі кезде іс бойынша сот процесі жалғасуда.