«ЭКСПО-2017» көрмесінің құрылысына бөлінген ақшаны жымқыруға қатысты атышулы іс қайта көтерілді. Мәжіліс Бас прокуратура мен Антикорға сауал жолдап, осы істе нақты кінәлі тұлғаларды анықтап, жаңа тексеріс өткізуді талап етті деп жазады Ertenmedia.
Депутат Ермұрат Бәпи құқық қорғау органдарына ресми сауал жолдап, осы іс бойынша сотталған ұлттық компанияның бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтың айыбы жеткілікті дәлелденбей-ақ жазаға тартылғанын айтты.
Бұған БАҚ-та жарияланған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Омаровтың сұхбаты себеп болған. Омаров өз мәлімдемесінде қылмыстық істің қолдан құрастырылғанын, нақты кінәлілердің жауаптан тыс қалғанын атап өткен еді.
Осыған орай, депутат Бәпи істің 500 томдық материалымен танысып шыққанын, бірнеше кездесулер өткізгенін жеткізді. Мәжілісмен Бас прокуратураға мына сұрақтарды қойып отыр:
– Кезінде ЭКСПО басшысына арнайы тағайындалған және «Қытай сөмкесімен бірнеше рет пара алған» жоғары лауазымды «кеңесші» кім? Оның аты-жөні неге әлі күнге дейін белгісіз?
– Неліктен сотталушылар бірнеше рет осы тұлғаның есімін атағанымен, тергеу мен сот барысында ол «анықталмаған тұлға» ретінде істен шығарылды?
– Сот үкімінен не себепті әлгі «анықталмаған тұлғаның» аты-жөні алынып тасталып, орнына Талғат Ермегияев дәлелсіз айыпталды?
– Пара берген және соның куәлігімен 23 адамның тағдыры шешілген «сенімді өкіл» кім? Неліктен оның тұлғасы әлі күнге дейін анықталмаған?
– ЭКСПО құрылысын техникалық-экономикалық негіздемесін жасаған «Rona LTD» компаниясының алған ақшасын шетелдегі офшорларға аударып отырғаны неге ескерусіз қалды?
Бәпидің бастамасынан кейін Антикордің «ЭКСПО-2017» қаржысын офшорға шығаруға қатысты қылмыстық істі тергеп жатқаны белгілі болды.
«Ақшаны офшорға шығарған тұлғаларға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Кешенді жедел-іздестіру жұмысы басталып, қаражаттың қалай, кімдердің қатысуымен шетелге шығарылғаны анықталуда», – делінген ресми жауапта.
Еске сала кетсек, 2016 жылы «ЭКСПО-2017» көрмесіне бөлінген бюджетті жымқырды деген айыппен 23 адам сотталған.
Сот шешімі бойынша, ұлттық компанияның бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев жеке өзі және «анықталмаған тұлға» арқылы «Rona LTD» ЖШС-мен мемлекеттік келісімшарт жасағаны үшін 780 млн теңге көлемінде пара алған.
Жалпы алғанда, осы істің аясында 10 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты қолды болған. 10 млрд…