Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Айқын» газетіне берген сұхбатында сала басшыларының жауапкершілігі пен кадрлық саясаттағы олқылықтарға тоқталды деп жазады Ertenmedia.
Министрдің айтуынша, қай мекемеге кім тағайындалса да, ол ең алдымен кәсіби жағынан дайын, басқару қабілеті жоғары әрі мәдениетке шын жанашыр тұлға болуы тиіс.
Бірінші басшы тек мерекелік шара ұйымдастырып, есеп берумен шектелмейді ол мекеменің даму стратегиясын айқындайтын негізгі тұлға.
Министр мекеме басшысының міндеті шығармашылық жобалармен ғана шектелмей, ғимараттың техникалық жағдайынан бастап, кадр саясаты, бюджет, материалдық-техникалық база сынды барлық салаға жауапты екенін атап өтті.
Сұхбат барысында министр ведомстволық мекемелерде бірнеше келеңсіз жайт анықталғанын да жасырмады.
«Жуырда министрлікке қарасты 71 ведомстволық ұйымның қызметкерлерін «Бірыңғай кадрлық ақпараттық жүйеге» қосу барысында саламыздағы мың жарымға жуық қызметкердің қатарынан бірнеше мекемеде жұмыс істеп, тіпті бес айлық мөлшерде ақы алатыны белгілі болды.
Сонымен бірге ұйымдарда 1 200-ге жуық 90 жасқа дейінгі зейнеткердің түрлі лауазымдарды атқарып жүргені анықталды.
Бұдан басқа, өзге қалада немесе шетелде негізгі жұмыста істеп, біздің мекемелерге жұмысқа келмесе де, сырттай айлық алып отырған қызметкерлер де бар болып шықты. Біз мұны реттейміз», – деді министр.
Сонымен қатар, Аида Балаева кадрлық ротацияның маңыздылығына тоқталып, мәдениет мекемелерінің дамуы үшін тың көзқарас қажет екенін айтты. Бұл ретте ол Қазақ ұлттық өнер университетін мысалға келтірді.
«Біз мәдени мекемелерді 30-40 жыл басқарып, уақыт талабына сай дамытып отырған талай тұлғаны білеміз. Мәселен, Айман Мұсақожаева Қазақ ұлттық өнер университетінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Бірақ соңғы жылдары университет жұмысы тұралап қалды.
Айман Қожабекқызы өкпелемесін, бірақ осы жылдар ішінде оқу орнының шатырынан су ағып, ғимаратының тоз-тозы шыққан. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ғимарат жаңарып, жаңа оқу жылын жаңа орында бастағалы отырмыз.
Университетке қарасты басқа да ғимараттардың жағдайы өте күрделі. Президент тапсырмасымен енді біз колледжді де жаңарту мақсат етіп отырмыз.
Сондай-ақ Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне тиесілі өнер лагері 2011 жылдан бері жұмыс істемей келген. Оны қайта жандандыру қажет», – деді министр.
Оның айтуынша, университетке тиесілі басқа нысандардың да жағдайы күрделі. Осыған орай колледжді жаңарту және дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың жаңа ғимаратын салу жобалары қолға алынуда.
Жаңа мектеп ғимараты мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынбақ. Қазіргі таңда жеке инвестормен меморандум пысықталып, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу мәселесі шешілуде.
Министр бұл ретте басты мақсат дарынды жастарға сапалы білім мен өрісті орта қалыптастыру екеніне назар аударды.
«Дарынды балалар үшін сапалы білім мен өмірге бейім орта жасауымыз керек. Өйткені ұлттық өнер өзінен-өзі тумайды, ол тәрбие мен жүйелі қолдаудың нәтижесінде ғана қалыптасады», – деп түйіндеді министр.
Бұған дейін Ertenmedia Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры қызметіне қайта оралуды көздеген атақты скрипкашы Айман Мұсақожаеваның 200 мың долларынан айырылып қалғанын жазған болатын.